Қазақстан Қорғаныс министрлігі елде көктемгі әскерге шақыру науқаны жалғасып жатқанын мәлімдеді. Науқан Президент жарлығына сәйкес 2026 жылғы 17 наурыз бен 30 маусым аралығында өтеді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Ведомство мәліметінше, 1 маусымдағы жағдай бойынша Қарулы күштерді, сондай-ақ ҰҚК Шекара қызметін, Мемлекеттік күзет қызметін және Төтенше жағдайлар министрлігін жасақтау жоспары толық орындалған.
Министрлік хабарлауынша, жаңа шақырылған сарбаздардың басым бөлігі жас жауынгер курсынан өтіп үлгерді. Олар жалпыәскери жарғыларды меңгеріп, саптық және атыс даярлығының негіздерін үйренген. Сондай-ақ қару-жарақтың тактикалық-техникалық сипаттамаларымен танысқан.
Дайындықтың қорытынды кезеңі ретінде сарбаздар салтанатты түрде Әскери ант қабылдады.
Соған қарамастан, қазір еліміздің өңірлерінде әкім орынбасарларының жетекшілігімен қалалық және аудандық әскерге шақыру комиссиялары жұмысын жалғастырып жатыр.
Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, қазіргі негізгі жұмыс Ұлттық ұлан бөлімшелерін толықтыруға бағытталған. Жоспар бойынша оның қатарына еліміздің 7 мыңнан астам жас азаматы шақырылады.
Азаматтарға шақыру қағаздары электронды форматта жолданып жатыр.
Министрлік әскерге шақырылушыларға себепсіз келмеген жағдайда әкімшілік жауапкершілік қарастырылатынын ескертті. Ал әскери қызметтен жүйелі түрде жалтару қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін.