Журналист Жанат Молдашова Сұлтан Сәрсемәлиевке қатысты өтіп жатқан сот процесінде айтылған жаңа дерекке назар аударды, деп хабарлайды Arasha.kz.
Ол әлеуметтік желідегі парақшасында атышулы іске байланысты бұған дейін көпшілікке белгісіз болып келген жайтты жазды. Журналистің мәліметінше, үй иелерінің денесі табылған сарайдан қан ізі бар балта шыққан.
Молдашованың айтуынша, бұл дерек өткен сот отырысында айтылғанымен, оның мән-жайы толық ашылмаған. Сондай-ақ бұған дейін аталған балта туралы ешқандай ақпарат жарияланбаған.
"Үй иелерінің мәйіті табылған сарайдан қанның ізі бар балта табылған. Өткен сот процесінде айтылды. Бірақ толық ашылмады. Ол балта туралы бұған дейін айтылмады. Ол қайдан шықты? Кімнің қаны?" – деп жазды журналист.
Бұл мәлімет әлеуметтік желі қолданушылары арасында қызу талқыланып, іске қатысты жаңа сұрақтардың туындауына себеп болды.