«Блогерлерге бір ғана топты көрсетеді»: қызметкерлер сәбилер үйіндегі жаңа жүйеге наразы

Бүгін, 21:51 / Камила Дүйсен
ЖИ арқылы жасалды

Алматы қаласындағы №2 Балалар үйінің бірнеше қызметкері мекемеде енгізіліп жатқан жанұялық үлгідегі тәрбие жүйесіне қатысты өз пікірлерін айтты. Олардың сөзінше, балалардың отбасылық ортаға жақын жағдайда тәрбиеленуі дұрыс бастама болғанымен, өзгерістер қажетті дайындықсыз жүзеге асырылып жатыр.

Қызметкерлердің айтуынша, алғашқы жанұялық үлгідегі топ мамыр айының басында пилоттық режимде ашылған. Алайда көп ұзамай бұл тәжірибе мекеменің барлық топтарына енгізіле бастаған.

«Балаларды бір күнде бөліп жіберді»

Тәрбиешілердің айтуынша, пилоттық топқа барлық жағдай жасалғанымен, кейін басқа топтарды жаңа жүйеге көшіру асығыс жүргізілген.

– 4 мамырдан бастап пилоттық режимде бір жанұялық топ ашылды. Ол жерде балаларға керекті барлық тұрмыстық техникалар қойылды. Бірақ 5 мамырдан бастап пилоттық режимнің мониторингі жасалмастан, тек WhatsApp желісі арқылы барлық топтардың жанұя типіне өтетіні хабарланды. Ол жерде ешқандай жиналыс та, түсіндіру жұмыстары да болған жоқ. Кейін бұйрықтар шықты, бірақ олардың арасында жұмыста жоқ, ем алып жатқан адамдардың да аты-жөні жүрді, – дейді аты-жөнін атап көрсетуден бас тартқан қызметкерлердің бірі.

Оның сөзінше, кейін жаңа бұйрықтар қабылданып, жұмыс кестелері де қысқа уақыт ішінде өзгертілген.

– 18 мамырда тағы бір бұйрық шыққан, бірақ ол ұжымға таныстырылған жоқ. Сол күні кешке жұмыс графигі өзгеріп, келесі күні жаңа кестемен жұмыс істей бастадық. Біз тек өзгерістерді кезең-кезеңімен енгізіп, топтарды алдын ала дайындауға мүмкіндік беруді сұрадық, – дейді тәрбиеші.

«Әртүрлі жастағы балаларға бір тәрбиеші үлгермейді»

Сәбилер үйінде ұзақ жылдан бері еңбек етіп жүрген қызметкердің бірі негізгі қиындық балалардың жас ерекшеліктеріне байланысты туындағанын айтады.

Оның сөзінше, бұрын жаңа туған нәрестелер жеке топта тәрбиеленсе, жаңа жүйеден кейін әртүрлі жастағы балалар бір топқа біріктірілген.

– Бір бала смесь ішеді, екіншісімен дамытатын ойындар ойнау керек, үшіншісі сабақ оқиды, төртіншісі горшокқа отырады. Осындай жағдайда бір тәрбиеші бәріне қалай үлгереді? Бір балаға тамақ дайындап жатсаң, екіншісі жылап жатады. Бірі ұйықтауы керек болса, екіншісі ойнап жүреді. Әртүрлі жастағы балалардың режимі де әртүрлі, – дейді тәрбиеші.

Оның айтуынша, кадр тапшылығы да жағдайды қиындатып отыр.

– Бізде екі күтуші кезектесіп жұмыс істеуі керек. Бірақ кейде бір ғана күтуші болады. Ол демалысқа кеткен кезде балалар тек тәрбиешілердің қарауында қалады. Сонда жаңа туған нәресте манежде жылап жатады, ал сен басқа баланың тамағын дайындап жүресің. Мұндай жағдайда бәріне бірдей үлгеру өте қиын, – дейді қызметкер.

Тәрбиешілердің пікірінше, жаңа жүйеге көшкеннен кейін балалардың бұрынғы қалыптасқан күн тәртібі де өзгерген.

«Алдымен жағдай жасап алу керек еді»

Қызметкерлердің айтуынша, пилоттық режимде ашылған топ пен қалған топтардың жағдайында айырмашылық болған.

– Бір топқа барлық жағдай жасалды. Ал қалған топтар дайын болмай шықты. Біз балаларды көшірмес бұрын қажетті заттармен қамтамасыз етіп, бөлмелерді дайындап алуды сұрадық. Бірақ бізге уақыт берілген жоқ, – дейді қызметкерлердің бірі.

Олардың сөзінше, жаңа жүйеге көшу барысында балалардың күн тәртібі, тұрмыстық жағдайы және қажетті жабдықтар мәселесі толық шешілмеген.

– Бізге кейін бюджеттен ақша бөлінеді, бәрі реттеледі деп айтты. Бірақ балалардың жағдайы дәл қазір мәз емес. Сондықтан алдымен барлық жағдайды жасап алып, содан кейін ғана өзгерістер енгізу керек еді деп ойлаймыз, – дейді тәрбиеші.

Қызметкерлер сондай-ақ мекемеге келген қонақтар мен блогерлерге көбіне пилоттық топ қана көрсетілетінін айтады.

– Бірінші ашылған жанұялық топқа барлық жағдай жасалды. Келген адамдарға да көбіне сол жер көрсетіледі. Ал қалған топтардың жағдайын ешкім көрмейді, – дейді олар.

«Бұл мәселені балалар үшін көтеріп отырмыз»

Қызметкерлер көтеріп отырған мәселелердің негізгі себебі балалардың жағдайына алаңдаушылық екенін айтады.

– Біздің осы мекемеде жұмыс істегенімізге 20-30 жылдан асты. Ол балалардың кіндігі түспей тұрып перзентханадан келеді. Көз алдымызда өседі. Құлағанын да, жылағанын да көретін біз. Сондықтан бұл мәселені өзіміз үшін емес, балалар үшін көтеріп отырмыз, – дейді тәрбиешілердің бірі.

Олардың айтуынша, осы мәселелер бірнеше рет басшылыққа жеткізілген. Алайда қызметкерлер жаңа жүйеге көшу кезінде балалардың жас ерекшелігі, күн тәртібі және қажетті күтім мәселелеріне көбірек назар аударылмады деген шағымы ескерусіз қалғанын айтуда.

– Біз бастыққа талай рет кірдік. Балалардың жағдайын айттық. Бірақ бізді түсінген жоқ. Тіпті «қайда барсаңдар да барыңдар, қайда жазсаңдар да жазыңдар» деп шығарып салды, – дейді тәрбиеші.

Алдағы уақытта редакция аталған мәселеге қатысты мекеме басшылығының ұстанымын білу үшін ресми сауал жолдайды.

 

Тэгтер:

алматы балалар үйі жанұя тобы