"Құлыным, ешқандай қызық көрмедің": Сұлтан Сәрсемәлиевтің анасы сотта сөйледі (ВИДЕО)

Бүгін, 09:38 / Ахмет Қанатұлы
Dalanews.kz коллажы

Жангелдин ауылында төрт адамнан тұратын отбасының өліміне қатысты өтіп жатқан сот процесінде айыпталушы Сұлтан Сәрсемәлиевтің ата-анасы куә ретінде жауап берді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында атышулы іске қатысты куәгерлерден жауап алу басталған. Жалпы бұл іс бойынша 26 куәгерден жауап алу жоспарланған. Оның 17-сі түскі үзіліске дейін сотқа шақырылуы керек болған.

Сот отырысында айыпталушының анасы Гүлнар Азмұханова да куә ретінде шақырылды. Алайда ол сотта сұрақтарға жауап беруден бас тартқан. Осыған байланысты судья оның тергеу кезінде берген жауабын оқып берді. Әйел бұрынғы жауаптарын толық растайтынын жеткізді.

Сот залынан шығар алдында Гүлнар Азмұханова ұлына бірнеше ауыз сөз айтуға рұқсат сұрады. Ол Сұлтанның бес баласы бар екенін айтып, қандай жағдай болса да, олардың әкесі болып қала беретінін жеткізді.

"Сен бұл өмірдің қуанышын көрмедің. Өмір бойы күресіп келдің. Мықты бол. Өмір үшін күрес. Мен балаларыңа олардың әкесі бар екенін айтып отырамын", – деді айыпталушының анасы.

Бұл сәт сот залында отырғандарға ауыр әсер еткені айтылды.

Тэгтер:

сот Атырау облысы жоғалған отбасы