"Қазақстан – Штрафстан емес": Тоқаевтың сынынан кейін Перуашев сөзін қайтарып алды

Бүгін, 11:41 / Ахмет Қанатұлы
Arasha.kz коллажы

Мәжіліс депутаты Азат Перуашев Қазақстанды "Штрафстан" деп атаған сөзі орынсыз болғанын ашық мойындады. Бұл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы сөзді қолданатын депутаттарды сынға алғанынан кейін айтылды, деп хабарлайды Arasha.kz.

"Мен бұл сөздің орынсыз болғанын мойындадым. Парламент мәдениетті сөйлеуі керек, дөрекі тіркестер қолданбауы тиіс. Мен бұл туралы бір жыл бұрын да айтқанмын", – деді Перуашев журналистерге.

Журналистер одан "Қазақстанды Штрафстан деп атауға бола ма?" деп сұрағанда, депутат бұған нақты жауап берді.

"Біздің ел – Штрафстан емес, біз өркениетті мемлекетпіз", – деді ол.

Перуашев Президенттің өз атына айтылған сынына да пікір білдірді. Оның сөзінше, ол бұл сынды сабақ ретінде қабылдаған және алдағы уақытта жұмысын жалғастыра бермек.

Айта кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев Алатау қаласын дамыту жөніндегі кеңесте құқықтық саясатты "Штрафстан" немесе "Айыппұлстан" деп атайтындарды қатаң сынға алған еді.

"Елімізді ұнатпайтын және менсінбейтін кейбір адамдар, өкінішке қарай, олардың арасында Парламент депутаттары бар. Олар біздің заңды әрекеттерімізді «Штрафстан» немесе «Айыппұлстан» деп атайды. Мейлі, өздерінің ойларының таяздығын көрсете берсін. Халқымызға қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік қажет. Сондықтан біз бұл жолдан таймаймыз және "Заң мен тәртіп" саясатын табанды түрде жүргіземіз. Бұл – азаматтарымыздың талабы. Бұл мәселеге тұтастай алғанда қоғам да, әкімдер де барынша назар аударуы керек", – деді Президент.

Тэгтер:

Қасым-Жомарт Тоқаев Азат Перуашев