«Деректер табылды»: Анасын іздеп жүрген Жәнібек мәлімдеме жасады

Бүгін, 14:27 / Альфия Адамбек
Фото: әлеуметтік желі

Торғай өңірінде дүниеге келіп, кейін шетелдік отбасы асырап алған Жәнібек туған анасын іздеу жұмыстарын тоқтатпағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Ол әлеуметтік желідегі парақшасында бұл ізденістің өзі үшін ерекше маңызды екенін айтып, анасын табу жолында бірқатар жанашыр азаматтар мен заңгерлердің қолдау көрсетіп жатқанын жеткізді.

Жәнібектің сөзінше, соңғы уақытта үміт сыйлайтын жаңа мәліметтер пайда болған. Дегенмен іздеу жұмыстарының нақты қашан нәтиже беретінін болжау қиын екенін айтты.

«Қазір Қымбат Досжан, Мейірман Шекеев және басқа да қолдау білдіріп жүрген азаматтармен бірге анамды іздеуді жалғастырып жатырмыз. Бұл қанша уақытқа созылатынын білмеймін. Алайда соңғы кезде бізді үміттендірген бірнеше дерек табылды. Жақсы жаңалықтан үміт үзбеймін», – деп жазды ол.

Жәнібектің жазбасы желі қолданушыларының көңілін толқытып, көпшілік оған туған анасымен қауышуын тілеп, жылы лебіздерін білдірді.

Тэгтер:

іздеу Жәнібек ана Қымбат Досжан