Көкшетауда 21 жастағы жігіт интернет алаяқтардың қақпанына түсіп, олардың айтқанын орындап, анасының 6 миллион теңгеден асатын алтын бұйымдарын өз қолымен апарып берген, деп хабарлайды Arasha.kz.
Тергеу дерегінше, 29 мамыр күні жігітке белгісіз адамдар хабарласып, өздерін ұялы байланыс операторының қызметкерлері ретінде таныстырған. Олар SIM картасын ауыстыруды сылтау етіп, SMS арқылы келген кодты айтқызған. Кейін оған өзін eGov қызметкері ретінде таныстырған әйел қоңырау шалған.
Әйел жігітке қатысты алаяқтық әрекеттер жасалып жатқанын айтып, “мүлік декларациясын” тапсыру үшін үйдегі құнды заттарды, соның ішінде зергерлік бұйымдарды суретке түсіруді сұраған. Қоңырау шалушыларға сенген қала тұрғыны олардың барлық талабын орындап, сөйлесуді жалғастырған.
Келесі күні алаяқтар оны одан әрі қорқыта бастаған. Бұл жолы өзін күш құрылымдарының қызметкері ретінде таныстырған ер адам хабарласып, отбасының банк шоттары арқылы тыйым салынған ұйымдарды қаржыландыру жүріп жатқанын айтқан.
Полиция мәліметінше, қаскөйлер психологиялық қысым жасап, жігіт пен оның отбасы мүшелерін қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін деп қорқытқан. Үрейге бой алдырған жас жігіт анасына тиесілі алтын бұйымдарды жинап, сөмкеге салып, алаяқтар көрсеткен жерге апарып жасырған.
Осылайша, жалпы құны 6 120 000 теңге болатын 18 алтын бұйым қаскөйлердің қолына өткен. Жігіт тапсырманы орындағанын дәлелдеу үшін зергерлік бұйымдар тұрған жерді видеоға түсіріп, алаяқтарға жіберген.
Оқиға 31 мамырда белгілі болды. Жәбірленушінің анасы үйдегі алтындарының жоғалғанын байқап, полицияға ұрлық туралы арызданған. Тексеру кезінде ұлының мұқият ойластырылған интернет алаяқтық схемасының құрбаны болғаны анықталды.
Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.