Енді нотариустар борышкердің келісімінсіз қарызды рәсімдей алмайды

3 маусым, 2026 / Альфия Адамбек
Фото: freepik

Нотариустар енді банктер, микроқаржы ұйымдары (МҚҰ) және коллекторлық агенттіктер алдындағы қарыздар бойынша борышкердің алдын ала жазбаша келісімінсіз әрі негізгі қарыз сомасының даусыз екенін растамай атқарушылық жазба шығара алмайды, деп хабарлайды Arasha.kz.

Бұл туралы Instagram парақшасында депутат Мұрат Әбенов мәлімдеді.

Жаңа тәртіпке сәйкес, егер тараптар арасында дау туындаса, нотариус атқарушылық жазба шығарудан бас тартуға міндетті болады. Көбінесе мұндай келіспеушіліктер пайыздар, айыппұлдар, өсімпұлдар мен тұрақсыздық айыпақыларына қатысты болады.

Енді қарыз сомасы міндетті түрде борышкермен келісілуі тиіс. Борышкер келіссөз жүргізіп, тек өзі негізді әрі әділ деп санайтын қарыз бөлігін ғана мойындауға құқылы. Сонымен қатар, ол қарызды мойындайтынын жазбаша түрде растауы қажет.

Тек осыдан кейін ғана кредитор нотариусқа атқарушылық жазба шығару туралы өтініш бере алады.

Іс жүзінде бұл өзгеріс борышкердің құқықтық жағдайын күшейтеді. Мысалы, егер МҚҰ 50 мың теңге несие беріп, кейін түрлі үстемелердің салдарынан қарыз 550 мың теңгеге дейін өссе, енді кредитор дәл осы сомаға борышкердің жазбаша келісімін алуға тиіс болады.

Егер борышкер мұндай сомамен келіспесе, кредитор қарызды реттеудің жеңілдетілген шарттарын ұсынуға міндетті болады. Өзгерістердің негізгі қағидаты – қарыздың даусыз болуы.

Тэгтер:

қарыз банк борышкер Мұрат Әбенов