Экс-судья Айгүл Сайлыбаеваның күйеуі мен енесі Мәскеуде ұсталды

Бүгін, 12:29 / Ахмет Қанатұлы
ашық дереккөзден

Экс-судья Айгүл Сайлыбаеваның өліміне қатысты басты күдіктілер – оның күйеуі Александр Донцов пен енесі Наталья Донцова Мәскеуде ұсталды. Бұған дейін олар халықаралық және мемлекетаралық іздеуде болған, деп хабарлайды Arasha.kz.

Қазақстанның Германиядағы елшілігі бұл іс бойынша Германия Сыртқы істер министрлігінің өкілдерімен тұрақты байланыста екенін хабарлады. Сонымен қатар Қазақстанның Франкфурт қаласындағы Бас консулдығы Гессен федералдық жерінің құзырлы органдарымен тиісті жұмыстар жүргізіп жатыр.

Ресей Сыртқы істер министрлігінің нотасына сәйкес, Қазақстанның құзырлы органдары жолдаған экстрадициялық сұраныс негізінде Мәскеу қаласы бойынша Ресей ІІМ Бас басқармасының қылмыстық іздестіру қызметкерлері Александр Донцов пен Наталья Донцованы ұстаған.

Бұған дейін аталған тұлғаларға Германияның құқық қорғау органдары халықаралық іздеу жариялаған. Ал Қазақстан Ішкі істер министрлігі тарапынан олар мемлекетаралық іздеуге берілген.

Алайда Newtimes басылымына берілген ресми жауапта Донцовтардың Ресей Федерациясының азаматтары екені айтылған. Осы себепті олар Қазақстанға экстрадицияланбайды. Бұл туралы Қазақстан тарапына алдын ала хабарланған.

Қазір Ресейдің құзырлы органдары Қазақстан тарапынан Ресей аумағында қылмыстық іс қозғау туралы ресми сұраныс күтуде.

Сонымен қатар Бақытжан Сайлыбаевтың аталған тұлғаларға қатысты қылмыстық іс қозғау үшін Ресей Тергеу комитетіне арыз жолдау туралы өтінішіне байланысты, Қазақстан елшілігі 2026 жылғы 5 мамырда Ресей тарапына ресми хат жіберген.

Айта кетейік, Айгүл Сайлыбаева 2024 жылдың 3-4 маусымы аралығында хабарсыз кеткен. Кейін 16 маусымда оның денесі қала шетінен табылған болатын.

Тэгтер:

Айгүл Сайлыбаева