Путин мен Мирзиёев Өзбекстандағы алғашқы АЭС құрылысын басталғанын мәлімдеді

Бүгін, 09:28 / Ахмет Қанатұлы
Шанхай ынтымақтастық ұйымының баспасөз қызметі

Санкт-Петербургте өткен ПМЭФ-2026 алаңында Ресей мен Өзбекстан президенттері Владимир Путин және Шавкат Мирзиёев Жизақ облысында интеграцияланған атом электр станциясының құрылысын ресми түрде бастады. Бұл туралы Кремль хабарлады, деп жазады Arasha.kz.

"Бүгін бізде өте қуанышты оқиға болып отыр. Бұл – Өзбекстандағы алғашқы, ресейлік жоба бойынша салынатын үлкен әрі қуатты нысанның, болашақ атом электр станциясының іргетасын қалау. Сіз бұл жобамен жеке өзіңіз көп жұмыс істегеніңізді, ұзақ уақыт бойы оның барлық егжей-тегжейіне үңілгеніңізді білемін. Ұсынылған нұсқалардың ішінен Өзбекстан үшін ең қолайлысын таңдағаныңызға сенімдімін", – деді Путин.

Өз кезегінде Мирзиёев бұл ауқымды жобаның іске аса бастауын республика үшін "тарихи күн" деп атап, Ресей тарапына қолдауы үшін алғыс білдірді.

Құрылысты "Росатом" мемлекеттік корпорациясы жүргізеді. Дайындықтың негізгі кезеңі Жизақтағы алаңда өткен жылдың күзінде басталған.

Интеграцияланған АЭС-тің ерекшелігі – алғаш рет бір алаңда шағын және үлкен қуатты атом электр станциялары қатар салынады. Станция құрамына ВВЭР-1000 реакторлары негізіндегі екі үлкен қуатты энергоблок және әрқайсысының қуаты 55 МВт болатын екі РИТМ-200Н реакторынан тұратын энергоблок кіреді.

Spot басылымының мәліметінше, көктемде нысанда алғашқы бетон жұмыстары басталған. Қазір құрылысшылар негізді құю, реактор ғимаратының іргетасын қалыптастыру, сондай-ақ гидрооқшаулау және жерге тұйықтау жүйелерін жасау жұмыстарымен айналысып жатыр.

Өзбекстанның салалық ведомстволары алғашқы екі шағын реактордың құрылысына шамамен 1 миллиард доллар қажет болады деп бағалап отыр.

Тэгтер:

Шавкат Мирзиёев Владимир Путин