Temu ЕО-да 232 миллион доллар айыппұл арқалады

Бүгін, 10:43 / Arasha.kz
depositphotos.com

Қытайлық Temu маркетплейсіне Еуропалық одақ аумағында заңсыз тауарларды сатқаны үшін 232 миллион доллар айыппұл салынды. Бұл соманы компания жергілікті биліктің шешімі бойынша төлеуге міндетті. Мұндай санкция екі жылға жуық уақытқа созылған тергеудің нәтижесінде қабылданды, деп хабарлайды Arasha.kz.

ЕО аумағында Temu-ге қатысты ресми тергеу 2024 жылдың қазан айында басталған. Еуропалық билік маркетплейсті Цифрлық қызметтер туралы заңды бұзды деп күдіктенген. Бұл заң ірі онлайн-компанияларды өз платформаларында заңсыз және зиянды тауарлармен күресу үшін белсенді шара қабылдауға міндеттейді.

2026 жылдың мамыр айының соңында аталған тергеудің алғашқы нәтижелері жарияланды.

Еуропалық комиссияның мәліметінше, сауда алыбы өз платформасында заңсыз өнімдердің сатылуына байланысты жүйелі тәуекелдерді тиісті деңгейде анықтап, талдап және бағалай алмаған. Сонымен қатар Temu компаниясы ұсыным жүйелерінің жұмысын дұрыс ұйымдастырмағаны үшін де сынға ұшырады. ЕО өкілдерінің пікірінше, мұндай жүйелер заңсыз тауарлардың сатылу қаупін күшейтуі мүмкін.

Нәтижесінде Temu 232 миллион доллар көлемінде айыппұл алды. Сонымен қатар маркетплейске заңбұзушылықтарды жоюға арналған іс-қимыл жоспарын әзірлеп, ұсыну міндеттелді. Алдағы екі ай ішінде Еурокомиссия бұл жоспарды қарап, оның Цифрлық қызметтер туралы заң талаптарына қаншалықты сәйкес келетінін шешеді.

«Бұл жерде тәуекелдерді басқару туралы сөз болып отыр. Бұл – Цифрлық қызметтер туралы заң стратегиямыздың аса маңызды бөлігі. Осы шешім арқылы біз Temu-ге өте нақты әрі қатаң сигнал жолдап отырмыз», – деді журналистерге ЕО-ның технологиялар бағытына жауапты өкілі Хенна Вирккунен.

Қазір тергеу әлі де жалғасып жатыр. Мамандар Temu сервисінің дизайны қолданушыларды тәуелді етуі мүмкін бе деген мәселені және ЕО талаптарын бұзуы ықтимал басқа да маңызды параметрлерді тексеруі керек.

Айта кетейік, Қазақстанда да Temu-ге қатысты наразылық бар. Оның бір себебі – Temu сияқты шетелдік маркетплейстер Қазақстанда тек «Google салығын» төлейді. Бұл салық қосылған құн салығына тең. Отандық кәсіпкерлер мен кейбір депутаттар мұны әділетсіз деп санайды. Себебі жергілікті бизнес тек ҚҚС төлеп қана қоймай, корпоративтік және басқа да салықтарды өтейді, қызметкерлері үшін зейнетақы қорына және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне жарна аударады.

Мұндай «салықтық теңсіздікке» «Ақ жол» партиясының депутаттары назар аударған.

«2025 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында 86 шетелдік платформа ел бюджетіне жалпы 39 миллиард теңгеден сәл астам қаржы төледі. Салыстыру үшін айтсақ, дәл осы кезеңде Қазақстандағы ең ірі үш маркетплейс мемлекеттік қазынаға 211 миллиард теңге аударған. Бұл барлық шетелдік платформалардың жиынтық төлемінен бірнеше есе көп», – делінген партия сайтында.

Мәжіліс депутаты Азат Перуашевтің айтуынша, мұндай «теңсіздіктің» тағы бір маңызды жағы бар: шетелдік маркетплейстер Қазақстанның әлеуметтік инфрақұрылымына инвестиция салмайды және жергілікті тауар өндірушілерді қолдамайды.

«Мен жеке өзім де, “Ақ жол” демократиялық партиясы да, ұлттық бизнес өкілдері ретінде, әрине, еркін нарықты қолдаймыз. Бірақ бұл нарық тең жағдайдағы нарық болуы керек. Егер өз аумағымызда, өз нарығымызда шетелдік компаниялар артықшылыққа ие болса, бұл еркін нарық емес. Бұл – дискриминация. Оның үстіне, өз кәсіпкерлерімізді өз нарығында кемсіту. Біздің кәсіпкерлерге ең болмағанда төлейтін салықтық жүктеме тұрғысынан тең жағдай беріңіздер, содан кейін тұтынушы үшін бәсекеге түссін. Ал олардың бәсекелестерінде әуел бастан тиімді жағдай болса, олар демпинг жасай алады. Мұндай жағдайда біздің кәсіпкерлеріміз әдейі әлсіз жағдайға түсіп қалады», – деді Мәжіліс депутаты Азат Перуашев.

Қаңтар айында Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесі шетелдік интернет-сатып алуларға қатысты жаңа ережелерді бекітті. Бұл ережелер Қазақстанға Еуразиялық экономикалық одаққа кірмейтін елдерден, соның ішінде Қытайдан әкелінетін тауарларға қатысты. Енді шетелдік маркетплейстерден тапсырыс берілген барлық тауарлар «электронды сауда тауарлары» деген жеке санатқа жатқызылады.

Бұл санат үшін бөлек кедендік баж салығы, декларация және салық енгізіледі. Сонымен қатар қазіргі таңда 200 еуроға тең бажсыз әкелу лимитін алып тастау мәселесі де ара-тұра көтеріліп жүр.

Айта кету керек, Temu-ден келетін арзан сәлемдемелерге қосымша салық енгізіп жатқан тек Қазақстан емес. Мұндай шаралар басқа елдерде де қабылданып жатыр. Мысалы, Финляндияда жуырда шетелдік маркетплейстерден келетін тауарларға қосымша алым енгізілді. Ал қаңтар айынан бастап ЕО аумағында Қытайдан және басқа да шетелдерден келетін арзан сәлемдемелерге тіркелген салық енгізілді.