Ауғанстанда 80 жұп бір күннің ішінде бірге шаңырақ көтерді

Бүгін, 17:45 / Ахмет Қанатұлы
shutterstock.com

Ауғанстанда 80 жұп бір мезетте неке қиып, жаппай үйлену рәсімін өткізді. Жастар мұндай қадамға тойға кететін артық шығынды азайту үшін барған, деп хабарлайды Arasha.kz.

SWN мәліметінше, шараның негізгі мақсаты – қоғамда қалыптасқан қымбат әрі қажетсіз үйлену дәстүрлерімен күресу. Ұйымдастырушылардың айтуынша, соңғы жылдары Газни өңірінде осындай жаппай неке қию рәсімі бірнеше рет өткен.

Іс-шараны ұйымдастырушы Саид Гүл Ахмад Мотамедидің сөзінше, бұл жолғы рәсімге Газни, Бамиан және Дайкунди аймақтарынан 80 жұп қатысқан. Ол соңғы жылдары Газниде мұндай форматтағы 28 жаппай той ұйымдастырылғанын айтты.

Жас жұбайлардың айтуынша, олар бұл бастамаға өз еркімен қатысқан. Олардың мақсаты – отбасына артық қаржылық салмақ түсірмей, қарапайым түрде шаңырақ көтеру.

Жаңа тұрмыс құрған Хумайра тойды үлкен шығынсыз өткізуді дұрыс шешім деп санайды. Оның айтуынша, мұндай шаралар жастарға қолдау болып, қоғамдағы қымбат той жасау үрдісін азайтуға ықпал етеді.

Ал күйеу жігіт Мехди қаржы тапшылығына байланысты бірнеше жыл бойы үйлене алмағанын жеткізді. Оның сөзінше, бүгінде көптеген жас той шығынының көптігінен некесін кейінге қалдыруға мәжбүр.

Соңғы жылдары Ауғанстанда тұрмыс деңгейінің төмендеуі мен кедейліктің күшеюі жастардың өміріне де әсер етіп отыр. Қымбат той жасауға мүмкіндігі жоқ жұптар енді жаппай неке қию рәсімдерін таңдай бастады.

Тэгтер:

үйлену