Яна Легкодимованың анасы қызын өлтіргендердің қайда отырғанын біле алмай жүр

Бүгін, 14:17 / Альфия Адамбек
Фото: әлеумеитік желі

Яна Легкодимованың анасы қызының өліміне кінәлі деп танылғандардың нақты қай түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатқанын біле алмай жүргенін айтты, деп хабарлайды Arasha.kz.

Оның айтуынша, бұл мәселе бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі комитетіне ресми сауал жолданған. Алайда ведомство сотталғандардың заңды күшіне енген үкім негізінде қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде жазасын өтеп жатқанын ғана хабарлап, нақты қай колонияда отырғаны туралы ақпарат беруден бас тартқан.

Комитет түсіндірмесіне сәйкес, сотталғандардың басқа мекемеге ауыстырылғаны жөніндегі мәлімет тек олардың жақын туыстарына немесе өздері көрсеткен тұлғаларға ғана хабарланады. Сондай-ақ жеке іс материалдары құпия саналады.

Әлеуметтік желілерде сотталғандардың өмір бойына бас бостандығынан айырылғандарға арналған «Қара бүркіт» колониясына жіберілгені туралы ақпарат тарағанымен, бұл мәлімет ресми түрде расталмаған.

Марқұмның анасы бұл сұрақты жай қызығушылық үшін емес, сот үкімінің толық орындалып жатқанына көз жеткізу мақсатында қойғанын айтты. Оның сөзінше, қызының қазасы әлі күнге дейін ауыр жара болып қалып отыр.

Еске салайық, Яна Легкодимова 2024 жылғы 18 қазанда жоғалып кеткен. Кейін тергеу барысында күдіктілер анықталып, іс сотқа жолданған.

Тэгтер:

қылмыс атырау ақпарат Қара бүркіт