6 маусымда "Аманат" партиясы саяси кеңесінің отырысы өтіп, онда елдегі қоғамдық-саяси күштерді ортақ мақсат төңірегінде бірігуге шақырған мәлімдеме қабылданды, деп хабарлайды Arasha.kz.
Отырысқа "Аманат" партиясының төрағасы Ерлан Қошанов төрағалық етті. Кеңес қорытындысы бойынша партия өкілдері "Әділетті және Прогрессивті Қазақстанды" құру жолында саяси күштердің бірігуі маңызды екенін атап өтті.
Саяси кеңесте жаңадан құрылған "Әділет" партиясымен ықтимал бірігу мәселесі де талқыланған. "Аманат" саяси кеңесінің мүшесі Ерлан Сайыровтың айтуынша, кеңес мүшелерінің басым бөлігі мұндай саяси бірігуді қолдайды.
"Қазір саяси кеңес мүшелерінің басым бөлігі саяси бірігуді қолдайды. Мұндай шешім съезде қабылданады деп ойлаймын. Бірақ кеңес мүшелері президент электоратын екіге жаруға болмайды деп есептейді. Сол себепті алдағы уақытта партиялар бірігуі мүмкін", – деді Ерлан Сайыров.
Партияның XXVI съезі 2026 жылғы 12 маусымда Астана қаласында өтеді. "Аманат" пен "Әділеттің" бірігуіне қатысты нақты шешім сол жиында қабылдануы мүмкін.