Әлеуметтік желілерде қолданушы Гүлнар Мансұрқызының үндеуі тарап жатыр. Онда ол жаңа оқу жылы қарсаңында мектеп оқушыларын оқулықтармен қамтамасыз ету жұмысы кешігуі мүмкін екенін айтып, дабыл қаққан, деп хабарлайды Arasha.kz.
Үндеу авторы Премьер-министрдің орынбасары Аида Балаеваға жедел түрде араласуды сұраған. Оның айтуынша, мәселе 2026–2027 оқу жылына дайындыққа қатысты және жаңа оқу жылының уақытында басталуына әсер етуі мүмкін.
Жазбада негізгі себеп ретінде Оқу-ағарту министрлігінің оқулықтар тізімін әлі бекітпеуі көрсетілген. Автордың айтуынша, 3, 4, 8 және 9-сыныптарға арналған оқу-әдістемелік кешендер барлық сараптамадан өткеніне қарамастан, қорытынды құжатқа әлі қол қойылмаған. Бұл өз кезегінде бірқатар мәселелердің туындауына себеп болған.
Автор ықтимал салдарды былай сипаттайды:
1. Мемлекеттік тапсырыстың жүйелі түрде бұзылу қаупі
Мемлекеттік тапсырыстың әр кезеңі – құжаттарды рәсімдеуден бастап кітаптарды басып шығару мен өңірлерге жеткізуге дейін – уақыт жағынан орындалуы қиын мерзімдерге тіреліп отыр.
Өңірлердегі құқықтық қиындықтар: Жергілікті атқарушы органдарға баға тізімдерін қарау, қажетті көлемді есептеу, қаржы бөлу, келісімшарт жасау және бақылау рәсімдерінен өту үшін шамамен бір ай қажет. Ал бекітілген тізім болмаса, бұл жұмыстарды бастау мүмкін емес.
Баспалар үшін өндірістік тығырық: Оқулықтарды басып шығару – ұзақ уақытты қажет ететін технологиялық процесс.
Логистикалық кідіріс: Өңірлерге кітап тасымалдауға арналған тендерлер әлі жарияланбаған. Соның салдарынан тасымалдаушы компаниялар мыңдаған дананы мектептерге уақытында жеткізіп үлгермеуі мүмкін.
Автор әсіресе ауылдық аймақтардағы жағдайға алаңдаушылық білдірген. Оның айтуынша, цифрлық инфрақұрылымы әлсіз өңірлерде қағаз оқулықтар білім алудың жалғыз көзі болып отыр.
2. Өңірлердегі білім беру процесінің тоқтап қалу қаупі
Облыстық білім басқармалары басшыларынан келіп жатқан мәліметтер ерекше алаңдаушылық туғызады. Қазақстанның шалғай ауылдары мен шағын жинақты мектептерінде цифрлық теңсіздік әлі де өзекті мәселе болып отыр.
Тұрақты жоғары жылдамдықтағы интернет, компьютерлер мен интерактивті тақталар жоқ жерлерде қағаз оқулық жай ғана оқу құралы емес, оқушылар үшін негізгі әрі баламасыз білім көзі саналады. Сондықтан оқулықтардың уақытында жеткізілмеуі бұл өңірлердегі оқу процесін толықтай тоқтатып жіберуі мүмкін.
Үндеу соңында автор қолданыстағы заңнамада қағаз оқулықтарды толықтай электронды нұсқамен алмастыру қарастырылмағанын атап өткен.
«Бұл жазбаны жарияламас бұрын қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілер мен цифрландыру жоспарларын мұқият зерттедім. Қазіргі уақытта заңнамада баспа оқулықтарын толықтай электронды оқулықтармен алмастыру немесе ауыл оқушыларын жаппай планшеттермен қамтамасыз ету көзделмеген. Сондықтан қағаз оқулық білімге тең қолжетімділікті қамтамасыз ететін жалғыз заңды әрі техникалық тұрғыдан іске асатын құрал болып қала береді. Осыған байланысты бұйрықтың кешігуі аса маңызды мәселеге айналып отыр», – дейді автор.