Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров пен министрлік арасында ешқандай текетірес болмағанын айтты. Үкімет отырысынан кейін өткен брифингте ол бұл мәселеге қатысты қоғамда қалыптасқан пікірге БАҚ-тағы жарияланымдар әсер еткенін жеткізді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Журналист Тамара Вааль министрден Шайдоровқа қатысты дау кезінде арнайы тапсырыс болды ма деп сұрады. Алайда Мырзабосынов бұл сұраққа нақты жауап бермей, журналистер көбіне жағымсыз ақпаратқа көбірек назар аударатынын айтты.
"Бізде әр спорт түрінен 20 тарихи көрсеткіш бар. Оны үнемі жариялап отырамыз, бірақ көпшілік байқай бермейді", – деді министр.
Оның сөзінше, министрлік пен спортшыны бір-біріне қарсы тарап ретінде көрсету дұрыс емес. Мырзабосынов ведомство мен Шайдоров арасында ешқандай жанжал жоқ екенін, керісінше спортшыны алдағы жарыстарға дайындау жұмысы бірге жүріп жатқанын мәлімдеді.
"БАҚ министрлік пен спортшыны бір-біріне қарсы күштер сияқты көрсетті. Бірақ шын мәнінде олай емес. Бізде барлығы дұрыс, спортшымен медаль алуға бірге дайындалып жатырмыз", – деді ол.
Министр мұндай жарияланымдар спортшының өзіне де кері әсер етуі мүмкін екенін айтты. Оның пікірінше, халықаралық спорт алаңында ел ішіндегі кез келген дау назардан тыс қалмайды.
"Кей материалдарда Шайдоровтың жетістігіне мемлекет мүлде қатыспағандай көрсетілді. Бұл екі тарап арасындағы текетірес емес. Спорт – халықаралық алаң. Онда біздің ішкі мәселелеріміз де көрініп тұрады. Мұндай негатив жарияланымдар ең алдымен спортшының өзіне зиян келтіреді, оны алаңдатады", – деді Мырзабосынов.
Брифингте журналистер министрден Шайдоровқа «еңбек сіңірген спорт шебері» атағына қатысты құжаттың неге кеш табысталғанын да сұрады.
Мырзабосыновтың айтуынша, тиісті бұйрыққа ертерек қол қойылған. Алайда техникалық себептерге байланысты құжатты сол уақытта спортшының өзіне тапсыру мүмкін болмаған.
"Қазір Михаил құжатты да, "еңбек сіңірген спорт шебері" төсбелгісін де алды. Бірақ АҚШ-тағы дайындыққа байланысты оны ресми түрде табыстай алмадық. Алдағы уақытта ондай мүмкіндік болады деп ойлаймын", – деді министр.
Еске салайық, Михаил Шайдоров төңірегіндегі дау 27 мамырда басталған еді. Ол Тимур Балымбетовке берген сұхбатында бес айдан бері жалақы алмағанын және «еңбек сіңірген спорт шебері» құжаты қолына тимегенін айтқан болатын.