"Мәлімдемесі шындыққа сай келмейді": Министрлік Асаубаеваға қанша ақша бөлінгенін жайып салды

10 маусым, 2026 / Ахмет Қанатұлы
Yousef Masoud/SOPA Images/LightRocket via Getty Images

Туризм және спорт министрлігі шахматшы Бибісара Асаубаеваның президентке жолдаған үндеуінен кейін шұғыл брифинг өткізді, деп Arasha.kz тілшісі Politico.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Брифингте спорт вице-министрі Серік Жарасбаев мемлекет тарапынан бөлінген қаражат көлемін түсіндірді. Ол шахматшының жарысқа өз қаражатына дайындалдым деген мәлімдемесі шындыққа сәйкес келмейтінін айтты.

"2025 жылы біз Бибісара Асаубаеваға дайындық барысында барлығы 160 миллионнан астам теңге бөлінсе, биыл жарты жылдың ішінде федерация мен қордың ақшасын бірге санағанда оған 210 миллион теңге бөлді. Сондықтан қазір оның жарысқа өз ақшама дайындалдым деген мәлімдемесі шындыққа сай келмейді", – деді Жарасбаев.

Вице-министрдің айтуынша, биыл Асаубаеваға министрлік пен Спортты қолдау қорынан 100 миллион теңге, ал федерация тарапынан 80 миллион теңге қарастырылған.

"Сондай-ақ былтыр әлем чемпионы атанғаны үшін 25 млн теңге сыйақы ретінде берілді", – деді ол.

Серік Жарасбаев шахматшының айлығы не себепті азайғанын да түсіндірді. Оның сөзінше, Бибісара Асаубаеваға Спортты дамыту дирекциясы арқылы ай сайын жалақы төленіп келеді.

"Бүгінде спортты дамыту дерекциясы арқылы ай сайын жалақысы төленіп тұрады. Ол расында да екі жыл бұрын екі есе көп болды. Бірақ қазір азайды, себебі шахмат басым спорт түрлеріне кірмейді. Былтыр президент арнайы заңға қол қойған болатын. Онда 46 басым спорт түрлері бекітілген. Оған шахмат кірмейді. Осыған байланысты жалақысы сәл азайды. Бірақ қалған қаражат толығымен төленіп жатыр", – деді вице-министр.

Еске салайық, бұған дейін шахматшы Бибісара Асаубаева айлығы үш есеге қысқарғанын, федерация жалақы төлемегенін айтып, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұраған болатын.

Тэгтер:

шахмат Бибісара Асаубаева