Конституциялық сот Қазақстанда интернетті өшіруге рұқсат берді

10 маусым, 2026 / Arasha.kz
gov.kz

Қазақстанның Конституциялық соты Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шешімімен байланыс пен интернетті уақытша өшіруге мүмкіндік беретін заң нормасын Конституцияға сай деп таныды, деп Arasha.kz тілшісі Exclusive.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Істі қарауға 2022 жылғы Қаңтар оқиғаларынан кейін "Байланыс туралы" заңның кейбір нормаларына шағымданған қазақстандықтың өтініші негіз болған. Сол кезде, 4 қаңтардан 5 қаңтарға қараған түні Алматыда интернет пен мобильді байланыс өшірілген еді.

Бұған дейін арыз иесі сот арқылы мемлекеттік органдардың әрекетін заңсыз деп тануға тырысқан. Кейін ол Конституциялық сотқа жүгініп, "Байланыс туралы" заңның 41-1-бабы 1-2-тармағының Конституцияға сәйкестігін тексеруді сұраған.

Істі қарау қорытындысы бойынша сот даулы норма елдің Негізгі заңына қайшы келмейді деген шешімге келді.

Конституциялық сот мемлекет конституциялық құрылысты, қоғамдық тәртіпті, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, сондай-ақ ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында байланыс пен интернет қызметтеріне қолжетімділікті уақытша шектеуге құқылы екенін атап өтті.

Сонымен бірге сот мұндай шаралар тек ерекше жағдайларда, ауыр қылмыстар жасалу қаупі нақты болған кезде ғана қолданылуы және туындаған қауіпке сай болуы керек екенін ескертті.

Сот шешімінде ақпарат алу және тарату құқығы абсолютті құқық емес екені, белгілі бір жағдайларда заңмен шектелуі мүмкін екені де айтылған.

Сонымен қатар Конституциялық сот үкіметке заңнаманы қосымша нақтылауды ұсынды. Атап айтқанда, байланыс қызметін өшірудің негіздерін айқынырақ белгілеу, шектеулердің ақылға қонымды мерзімін бекіту және мұндай шаралардың қолданылуын бақылау тетіктерін күшейту қажет екені көрсетілді.

Бұл шешім төтенше жағдайларда интернет пен байланысқа қолжетімділікті уақытша шектеудің қолданыстағы тәртібі күшінде қалатынын білдіреді.

Тэгтер:

Конституциялық сот