Адвокат Мейірман Шекеев қоғам қайраткері, ақын Мұхтар Шахановтың 40 күндік асына қатысып, оның ұлт мүддесі жолындағы күресі туралы естеліктерін бөлісті, деп Arasha.kz тілшісі Malim.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Шекеевтің сөзінше, Мұхтар Шаханов көпшілікке ақын, композитор және қоғам қайраткері ретінде танылғанымен, оның өміріндегі басты ұстаным қазақ халқының мүддесін қорғау болған.
Мейірман Шекеев ақынның жары Ханшайым апайдың айтқан естелігін келтіріп, Шахановтың Мәскеуге барған сапарларының бірінде болған оқиғаға тоқталды. Оның айтуынша, сол кезде ақын сырқаттанып қалып, оған Кремль ауруханасына жату ұсынылған. Алайда белгісіз бір адам телефон шалып, бұл ауруханаға түссе, аман шығуы екіталай болуы мүмкін екенін ескерткен. Осыдан кейін Мұхтар Шаханов Қазақстанға шұғыл оралып, қауіптің алдын алған көрінеді.
Мейірман Шекеев тағы бір оқиғаны да айтып берді. Оның сөзінше, Мұхтар Шаханов Алматыдағы №7 ауруханада жатқан кезде түн ішінде перденің артында пышақ ұстаған адамның сұлбасын байқаған. Адвокат мұндай жағдайлар ақынның өмірінде түрлі қауіп-қатер болғанын көрсетуі мүмкін екенін айтты.
Шекеевтің пайымынша, осындай қысымдар мен қауіптер кейін Мұхтар Шахановтың Қырғызстанға елші болып баруына да әсер еткен болуы ықтимал.
Адвокат ақын қандай қиындыққа тап болса да, ұлттық мүддеге қатысты көзқарасынан бас тартпағанын атап өтті. Оның айтуынша, Мұхтар Шаханов қазақ тілі, ұлттық сана, елдік және руханият мәселелерінде әрдайым ашық сөйлеп, батыл ұстаным танытқан.
"Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде бекітілуі жолында Мұхтар ағаның еңбегі ерекше. Ол өз ойын бүкпей айтып, ұлт мүддесін қорғауда үлкен қайсарлық көрсетті", – деді Мейірман Шекеев.