Жезқазғанда биыл 1 маусымда Ұлытау облысының әкімі Дастан Әдайұлының қатысуымен Оқушылар сарайы салтанатты түрде ашылған. Алайда кейіннен нысанның іс жүзінде толық жұмыс істемейтіні белгілі болды, деп хабарлайды Arasha.kz.
Осыған байланысты тұрғындар арасында «Неліктен сарай барлық дайындық аяқталмай тұрып ашылды?» және «Бұл шара есеп беру мен әдемі кадрлар үшін ұйымдастырылған кезекті көзбояушылық емес пе?» деген сұрақтар туындады.
«Желі қолданушыларының пікірінше, бұл жағдай балалардың мүддесі есебінен жасалған үлкен көзбояушылыққа ұқсайды», - деп жазды eGov.press Telegram-арнасы.
Видео түсіріп тұрған адам да барлық іс—шараның сурет үшін жасалғанына шағымданды.
«Қанша адам шағымданса да, әлі күнге ашылмады. Есігі жабық тұр», - дейді желі қолданушысы.
Ұлытау облысының әкімдігі қазіргі уақытта құжаттарды рәсімдеу және бұрынғы Оқушылар сарайынан жаңа «Шабыт» орталығына көшу жұмыстары жүргізіліп жатқанын түсіндірді.
Әкімдік мәліметінше, үйірмелерге қабылдау жаңа оқу жылы басталған кезде ашылады. Ал алдын ала тіркеу бұрынғы мекеме арқылы қазірдің өзінде жүргізіліп жатыр.
«Оқушылар сарайындағы үйірмелерге қатысып жүрген балалар жаз мезгілі бойы сабақтарын бұрынғыдай жалғастыра алады», – деп хабарлады әкімдік.