Терроризм мен экстремизм үшін 13 адам сотталды – ҰҚК

Бүгін, 12:07 / Альфия Адамбек
Фото: gov.kz

2026 жылдың сәуір-мамыр айларында Ұлттық қауіпсіздік комитеті тергеген қылмыстық істер бойынша терроризм және экстремизмге қатысты қылмыстар жасағаны үшін 13 адам түрлі мерзімге сотталды, деп хабарлайды Arasha.kz.

Сотталғандардың бірі – Астана тұрғыны. Ол әлеуметтік желілерде террористік идеологияны насихаттап, адамдарды террористік белсенділік аймақтарына баруға үгіттегені үшін кінәлі деп танылып, 8 жылға бас бостандығынан айырылды.

Ал Шымкент қаласының тумасы Қазақстанда теократиялық мемлекет құруға үндеп, терроризм идеяларын таратқаны үшін 7 жылға сотталды.

Сондай-ақ осы кезеңде Астана, Алматы және Шымкент қалаларында, сондай-ақ Атырау, Ақтөбе, Жамбыл, Қарағанды, Түркістан және Абай облыстарында экстремизм мен терроризмге байланысты қылмыстарға күдікті 11 адам ұсталды. Олардың қатарында екі шетел азаматы және шетелден экстрадицияланған үш қазақстандық бар.

Тергеу мәліметінше, күдіктілер интернетте және өз ортасында экстремистік материалдар таратып, адамдарды террористік ұйымдардың ықпалындағы аймақтарға баруға, сондай-ақ өз көзқарастарымен келіспейтіндерге қарсы зорлық-зомбылық жасауға шақырған.

Тэгтер:

сот заң ҰҚК террорлық әрекет