«Алаяқтар алдап қарызға батырған»: Курьер-ананың жағдайы белгілі болды

Бүгін, 14:02 / Альфия Адамбек
Коллаж: Arasha.kz

Алматыда төрт айлық сәбиін құшағына алып жұмыс істеген жас ананың оқиғасы белгілі болды, деп хабарлайды Arasha.kz.

Алматы көшелерінде төрт айлық сәбиін көтеріп жүріп курьерлік қызмет атқарған 20 жастағы келіншектің оқиғасы көпшіліктің назарын аударды. Жас отбасының жағдайын анықтаған қоғам белсендісі Алмат Несіпқалиев олардың ауыр қаржылық қиындыққа тап болғанын айтты.

Белгілі болғандай, ерлі-зайыпты қазір жалдамалы бір бөлмелі баспанада тұрады. Отбасы тұрғын үй мәселесін шешеміз деген алаяқтардың арбауына түсіп, қомақты қарызға батқан. Сол күні олар жалдау ақысын төлеуі тиіс болған.

Жас ананың айтуынша, мемлекеттен алатын 25 мың теңге көлеміндегі жәрдемақы күнделікті азық-түлік шығындарынан артылмайды. Бұдан бөлек, олардың несиелік берешектері мен ломбардқа өткізілген заттардың өсімпұлы бар. Ал курьерлік қызметте бір тапсырыс үшін шамамен 500-600 теңге ғана төленеді.

Отбасы отағасының да денсаулығы сыр берген. Ол жалдамалы көлікпен такси жүргізушісі болып жұмыс істейді. Дәрігерлер оған шұғыл ота қажет екенін айтқанымен, қаржылық қиындықтарға байланысты емді кейінге қалдыруға мәжбүр болған. Қазіргі таңда ол ауырсынуды басатын дәрілердің көмегімен жұмысын жалғастырып жүр.

Осылайша, күнкөріс қамымен жас ана төрт айлық сәбиін өзімен бірге алып шығып, курьерлік қызмет көрсетуге мәжбүр болған. Сонымен қатар Алмат Несіпқалиев әзірге бұл отбасы үшін ешқандай қаражат жинау ұйымдастырылмағанын айтып, жұртшылықты алаяқтардың арбауына түспеуге шақырды.