"Аманат" пен "Әділет" партиялары біріге ме: Ерлан Саиров жауап берді

Бүгін, 16:31 / Ахмет Қанатұлы
ашық дереккөзден

Депутат Ерлан Саиров "Аманат" партиясының съезінде саяси күштерді біріктіру мәселесі қаралатынын айтты. Бұл жерде "Аманат" пен "Әділет" партияларының ықтимал қосылуы туралы сөз болып отыр, деп хабарлайды Arasha.kz.

Саировтың айтуынша, қазіргі таңда басты мәселе – саяси күштерді біріктіру. Оның сөзінше, партия тәжірибелі саясаткерлердің білігі мен жастардың энергиясын ұштастыруды көздейді.

"Қазір әңгіме саяси күштерді біріктіру туралы болып отыр. Біз тәжірибе мен жастардың қуатын бір арнаға тоғыстырғымыз келеді", – деді депутат.

Ол саяси кеңес мүшелері бұл мәселені нақты шешуге ниетті екенін атап өтті. Сондықтан алдағы съезде делегаттар "Аманат" пен "Әділет" партияларының бірігу мүмкіндігін талқылайды.

Саировқа көпжылдық тәжірибесі бар "Аманат" партиясына саяси тәжірибесі аз "Әділет" партиясымен бірігудің не үшін қажет екені туралы сұрақ қойылды. Депутат бұл жерде партиялық немесе корпоративтік мүдде емес, елдің ұлттық және мемлекеттік мүддесі маңызды екенін айтты.

"Бұл жерде мәселе корпоративтік мүдделерде емес. Әңгіме еліміздің ұлттық, мемлекеттік мүддесі туралы болып отыр. 1 шілдеден бастап Қазақстан жаңа саяси дәуірге қадам басады. Сондықтан жаңа саяси күштер, жаңа идеялар мен құндылықтар қажет. “Amanat” партиясының мүшелері онжылдықтармен, дәуірлермен ойлайды. Сол себепті біз тәжірибе мен жастардың қуатын біріктіру керек деп есептейміз", – деді Ерлан Саиров.

Тэгтер:

депутат ерлан саиров әділет Аманат