«Бұл кездейсоқ процесс емес»: саясаттанушы партиялар бірігуінің астарын түсіндірді

12 маусым, 2026 / Камила Дүйсен
Коллаж ЖИ арқылы жасалды

«Аманат» партиясының кезекті XXVІ съезінде «Әділет» партиясының құрамына қосылу туралы шешім қабылданды. Саяси кеңістікте қызу талқыланып жатқан бұл қадам елдегі партиялық жүйенің алдағы даму бағытына қатысты түрлі пікірлер туғызды. Осыған байланысты саясаттанушылар мен депутаттардың көзқарасын біліп, бұл шешімнің саяси маңызы мен ықтимал салдарын саралап көрдік.

Съезден кейін өткен баспасөз брифингінде «Аманат» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов қабылданған шешімнің басты мақсаты елдің ұзақмерзімді даму міндеттерін жүзеге асыруға қабілетті саяси күштердің әлеуетін біріктіру екенін айтты.

«Біз бүгінгі күнді ғана емес, болашақты да ойлауымыз керек. Сондықтан Мемлекет басшысын және елдің стратегиялық мақсаттарын қолдайтын барлық прогрессивті күштердің бір жұдырықтай жұмылғанын қалаймыз. Президенттің көк Тудың астында тұрып, бір тудың астына бірігу туралы айтқан үндеуінің өзі үлкен символикалық мәнге ие деп санаймын. Біз сол үндеуді қабылдадық. Сонымен қатар жаңадан құрылған "Әділет" партиясымен идеологиямыз, принциптеріміз, құндылықтарымыз және саяси платформамыз ұқсас. Тіпті сайлаушыларымыз да ортақ. Сондықтан бір алаңда бір-бірімізбен бәсекелесіп емес, иық тірестіріп жұмыс істеу туралы шешім қабылдадық», – деді Ерлан Қошанов.

Партия төрағасы бұл қадамды партия мүшелерінің мүддесіне қайшы келетін шешім деп санамайтынын жеткізді.

«Мен мұны аманаттықтарға жасалған қиянат деп есептемеймін. Қиянат дегеніміз – тұрақсыздық танытып, өз идеяңнан, құндылықтарыңнан бас тарту. Ал біз өз ұстанымдарымыздан айнымаймыз. Біріккен жағдайда да жаңа партияға өткен мүшелер осы принциптерге адал болып қалады. Біз тек жаңа деңгейге көтеріліп жатырмыз. Сондықтан бұл шешімді партияның негізгі қағидаттарынан бас тарту емес, ортақ мақсаттарға жету жолындағы жаңа кезең деп қабылдау керек», – деді ол.

Ерлан Қошановтың айтуынша, алдағы уақытта партиялық құрамда да белгілі бір өзгерістер болуы мүмкін.

«Менің ойымша, жаңа тұлғалар да пайда болады, біздің депутаттардың бір бөлігі жаңа құрылтай құрамына өтуі мүмкін. Бірақ түпкі шешімді халық қабылдайды. Халық қалай дауыс берсе, партия да мандат санына қарай өз шешімін қабылдайды. Бұл жерде басты бағалаушы – сайлаушылардың өзі. Сондықтан кез келген саяси өзгерістің нәтижесі халықтың қолдау деңгейімен айқындалады», – деп түйіндеді партия төрағасы.

Ал саясаттанушы Ғазиз Әбішевтің пікірінше, партиялардың бірігуіне байланысты депутаттық мандаттарға қатысты мәселе негізінен техникалық сипатқа ие.

«Қазіргі Мәжілістің өкілеттік мерзімінің аяқталуына да көп уақыт қалған жоқ, шамамен екі аптадай ғана бар. Сондықтан жексенбі күні "Әділет" партиясы тиісті шешім қабылдаса, партияға қосылу белгілі бір мерзімнен кейін күшіне енетін тәртіп қарастырылуы мүмкін деп ойлаймын. Осылайша депутаттардың өкілеттігі аяқталған соң, олар "Әділет" партиясының мүшесі болады. Бұл негізінен техникалық мәселе. Бірмандатты округтен сайланған депутаттар партия құрамына кіруге міндетті емес екенін ескеру қажет. Ал партиялық тізім арқылы өткен депутаттар жаңа құрылымға автоматты түрде өтеді деп есептеймін», – деді саясаттанушы.

Сарапшы бұл шешімнің алдын ала дайындалған саяси үдерістің бір бөлігі болуы мүмкін екенін айтады.

«Меніңше, бұл шешім аяқ астынан қабылданған жоқ. "Аманат" партиясының өкілдері де мәлімдегендей, олар Президенттің 4 маусымда айтқан, елдегі сындарлы және прогрессивті саяси күштерді топтастыру қажеттігі туралы үндеуіне құлақ асты. Егер олар дәл осы сөзге мән берсе, демек, бұл бағыттағы сигналдың маңызы алдын ала түсіндірілген деген сөз. Президент әрбір сөзін салмақтап айтады. Сондықтан ол қандай белгі беріп отырғанын түсінді және оны саналы түрде жеткізді деп ойлаймын», – деді Ғазиз Әбішев.

Оның сөзінше, қазіргі өзгерістерді кең ауқымды саяси жаңғыру үдерісінен бөлек қарастыруға болмайды.

«Егер бұл бастамаға Президенттің өзі ашық түрде түрткі болып, бірнеше күн ішінде бүкіл процесті жандандырған негізгі месседжді жария түрде жеткізсе, онда бұған дейін де осы партияларға бейресми деңгейде дайындалу жөнінде белгілі бір ишаралар жасалған болуы мүмкін. Сондықтан қазіргі оқиғалар саяси жүйені жаңғыртуға және Президент айтып жүрген мағынадағы өткен кезеңнен түбегейлі алшақтауға бағытталған ауқымды саяси жоспардың бір бөлігі деп есептеймін. Менің ойымша, бұл үдеріс алдын ала жан-жақты ойластырылған. Яғни бүгінгі өзгерістер кездейсоқ немесе бейберекет жүріп жатқан процесс емес», – деп түйіндеді саясаттанушы.

Мәжіліс депутаты Айдос Сарым бұл шешімді алдын ала жазылған сценарий емес, саяси процестің табиғи эволюциясы ретінде бағалады.

«Партия – оны құрайтын адамдар мен солардың артында тұрған қоғамның сұранысынан қалыптасатын құрылым. Егер мұның бәрі әуел бастан дайындалған нақты сценарий болғанда, бәлкім, оған басқаша қарауға болар еді. Бірақ мен мұны тірі саяси процесс, табиғи эволюция деп есептеймін. Президенттің президентшіл күштерді топтастыру туралы үндеуінен кейін екі партия арасында кеңестер жүргізілді. Бұл консультациялар барлық деңгейде өтті және соның нәтижесінде осындай шешімге келдік», – деді Айдос Сарым.

Депутаттың пікірінше, бұл қадам елдің ұзақмерзімді даму мақсаттарын жүзеге асыру қажеттілігінен туындап отыр.

«Біздің алдымызда елді дамытуға бағытталған ұзақмерзімді мақсаттар тұр. Сол міндеттерді тиімді жүзеге асыру үшін билік партиясы, президенттік бағыттағы партия қандай атаумен аталып, қандай құрамнан тұрса да, тұрақты әрі ықпалды саяси күш болуы маңызды. Біз үшін Мәжілісте сенімді көпшілікті қамтамасыз ету маңызды. Тіпті мүмкіндігінше конституциялық көпшілікке ие болу қажет деп есептеймін. Өйткені бұл стратегиялық реформаларды дәйекті түрде жүзеге асыруға мүмкіндік береді», – деді мәжілісмен.

 

Тэгтер:

саясат партиялар Әділет партиясы Amanat партиясы