Алматы тауларында жоғалған 13 жастағы бала аман-есен табылды

Бүгін, 10:37 / Ахмет Қанатұлы
shutterstock.com

Алматы құтқарушылары Бутаков шатқалы маңында жоғалып кеткен 13 жастағы жасөспірімді тауып, ата-анасына аман-есен тапсырды. Абырой болғанда, балаға медициналық көмек қажет болмаған, деп хабарлайды Arasha.kz.

Оқиға туралы құтқару қызметіне баланың әкесі хабарласқан. Ата-анасының айтуынша, 2013 жылы туған ұл досымен бірге Бутаков шатқалы бағытына қарай кеткен. Алайда кейін байланысқа шықпай қалған.

Жасөспірімнің соңғы геолокациясы Фурманов шыңындағы «Панорама» лашығы маңынан анықталған.

Хабарлама түскеннен кейін Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің Құтқару қызметі бірден іздестіру жұмыстарына кірісті. Мамандар бірнеше топқа бөлініп, таулы аймақ пен белгіленген бағыттарды тексерген.

Іздестіру нәтижесінде жасөспірім табылды. Құтқарушылар оны таудан қауіпсіз жерге түсіріп, ата-анасына тапсырды.

Төтенше жағдайлар қызметі азаматтарға тауға шығарда қауіпсіздік ережелерін сақтауды ескертеді. Мамандардың айтуынша, тауға бармас бұрын жақындарыңызға қай бағытқа баратыныңызды және қашан оралатыныңызды хабарлау қажет.

Сондай-ақ телефон қуатының толық болуын қадағалап, байланыста болған жөн. Құтқарушылар ауа райының өзгеруіне дайын болып, тек таныс әрі қауіпсіз соқпақтармен жүруге кеңес береді.