38 градус аптап, найзағай мен бұршақ: Қазақстанда ауа райына байланысты ескерту жарияланды

Бүгін, 09:26 / Ахмет Қанатұлы
Alain Pitton/NurPhoto via Getty Images

14 маусымда Қазақстанның басым бөлігінде ауа райы құбылмалы болады. Кей өңірлерде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, бұршақ пен дауыл күтіледі. Ал бірқатар облыста ауа температурасы +38 градусқа дейін көтеріледі, деп хабарлайды Arasha.kz.

Синоптиктердің мәліметінше, Алматы облысының оңтүстігі мен таулы аудандарында өткінші жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Желдің екпіні 15-20 м/с-қа дейін жетуі мүмкін. Күндіз өңірде 35 градус ыстық, ал облыстың солтүстігінде 38 градусқа дейін аптап күтіледі. Сондай-ақ өңірде жоғары және төтенше өрт қаупі сақталады.

Алматы қаласының Медеу және Бостандық аудандарының таулы аймақтарында да күндіз өткінші жаңбыр мен найзағай болады. Кей уақытта жел күшейеді.

Атырау облысының бірқатар ауданында жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Облыстың солтүстігінде қатты жаңбыр, бұршақ және дауыл болуы мүмкін. Маңғыстау облысының солтүстік-шығысы мен орталығында да жаңбыр мен найзағай күтіледі.

Абай және Шығыс Қазақстан облыстарында өткінші жаңбыр, найзағай, бұршақ пен дауыл болжанып отыр. Бұл өңірлерде күндіз ауа температурасы 35-37 градусқа дейін көтеріледі.

Жамбыл облысында да аптап ыстық сақталады. Күндіз облыс бойынша ауа температурасы 38 градусқа дейін жетуі мүмкін. Таулы аудандарда өткінші жаңбыр мен найзағай болады.

Түркістан, Жетісу, Қарағанды, Ұлытау, Қызылорда, Ақтөбе, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Ақмола және Батыс Қазақстан облыстарында да жаңбыр, найзағай, желдің күшеюі, кей жерлерде бұршақ пен дауыл күтіледі.

Астанада кей уақытта жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Күндіз бұршақ болуы ықтимал. Қалада жоғары өрт қаупі сақталады.

Қазгидромет мамандары тұрғындарға ауа райының қолайсыздығына байланысты сақтық шараларын сақтауға кеңес береді. Әсіресе қатты ыстық байқалатын өңірлерде ашық күн астында ұзақ жүрмеу және өрт қауіпсіздігі талаптарын ұстану маңызды.

Тэгтер:

ауа райы ауа райы болжамы 14 маусым