Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ президенті Дональд Трампқа туған күніне орай құттықтау жеделхатын жолдады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады Arasha.kz.
Жеделхатта Мемлекет басшысы Қазақстанның Құрама Штаттармен кеңейтілген стратегиялық серіктестікті одан әрі дамытуға мүдделі екенін атап өткен. Сондай-ақ екі ел арасындағы жоғары деңгейдегі саяси диалог пен сауда-экономикалық, инвестициялық байланыстардың қарқынды дамып келе жатқанына назар аударған.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның бейбітшілікті нығайту, өзара түсіністікті арттыру және орнықты даму бастамаларын ілгерілету бағытында АҚШ-пен бірлескен жұмысты жалғастыруға дайын екенін растады.
Ақорда мәліметінше, Мемлекет басшысы Дональд Трампқа бақ-береке тілеп, АҚШ халқының игілігі жолындағы жауапты мемлекеттік қызметіне табыс тіледі.