Премьер-министр Олжас Бектенов Мәжіліс депутаты Екатерина Смолякова мен оның партияластарының сауалына жауап берді, деп Arasha.kz тілшісі kznews.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Бұған дейін депутаттар Қазақстанда ым-ишара тілін ресми қарым-қатынас тілі ретінде тану мәселесін көтерген еді.
Үкімет жауабында бұл мәселе қаралғаны және халықаралық тәжірибе зерделенгені айтылған. Қазақстанның шетелдегі мекемелері арқылы бірқатар елдерде ым-ишара тілін ресми түрде тану тәртібі зерттелген.
Жауапқа сәйкес, Германия, Ресей, АҚШ, БАӘ, Қытай, Түркия және басқа да елдерде бұл норма мүгедектігі бар адамдардың тең құқықтарын қамтамасыз ету аясында қарастырылады. Ал Болгария, Жапония, Испания, Корея, Словакия сияқты мемлекеттерде ым-ишара тілін дамытуға арналған жеке нормативтік-құқықтық актілер қабылданған. Португалия, Хорватия, Швеция, Эстония және өзге де елдерде бұл бағыт салалық заңнамалық актілер арқылы реттеледі.
Үкімет Қазақстан заңнамасында есту және сөйлеу қабілеті бұзылған азаматтарға арналған бірқатар әлеуметтік қолдау шарасы қарастырылғанын атап өтті. Олардың қатарында әлеуметтік қорғау, оңалту, арнаулы әлеуметтік қызметтер, сурдоаударма, инклюзивті білім беру және қолжетімді орта қалыптастыру тетіктері бар.