Қазақстанның дәстүрлі садақ атудан ұлттық құрамасы Түркияда өткен FETIH KUPASI халықаралық турнирінде жеңіске жетті, деп Arasha.kz тілшісі dalanews.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Байрақты бәсеке Стамбул қаласында ұйымдастырылды. Турнирдің екінші нысанасы – Түрік путасы бойынша, яғни 50 метр қашықтықтағы сайыста қазақстандық спортшылар жүлделі орындарға ие болды.
Ерлер арасында Түрік путасы нысанасы бойынша Жәнібек Саламатұлы алтын медаль жеңіп алды. Ал Марат Лұқпанов қола жүлдені қанжығасына байлады.
Әйелдер арасында Сабира Жаппар үздік үштіктің қатарынан көрініп, қола медаль иеленді.
Айта кетейік, FETIH KUPASI турниріне әлемнің 40 елінен 500-ден астам садақшы қатысқан. Жарыс қорытындысы бойынша Қазақстанның дәстүрлі садақ атудан ұлттық құрамасы жалпы командалық есепте бірінші орын алды.
Бұл қуанышты жаңалықты Мәжіліс депутаты, Республикалық дәстүрлі садақ ату федерациясының президенті Нартай Аралбайұлы әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады.
"Қазақ елі, Республикалық дәстүрлі садақ ату федерациясының президенті ретінде, дәстүрлі садақ атудың жанкүйері ретінде баршаңызды құттықтаймын! Садақшыларымызға, жаттықтырушыларымызға, біздің федерацияның бастамаларын қолдаған ҚР Туризм және спорт министрлігіне алғыс айтамын. Сұрмергендерімізге жанкүйер болыңыздар!" – деп жазды ол.