“Заң – бәріне ортақ”: үйқамағының талаптарын бұзған “КазТАГ” бас редакторы қамауға алынды

Бүгін, 17:05 / Arasha.kz

Сот «ҚазТАГ» ХАА бас редакторы А. Қасеновке қатысты бұлтартпау шарасын «күзетпен ұстауға» ауыстырды.

Алматы қаласының Алмалы аудандық сотында А. Қасеновке, А. Матаевқа және басқаларға қатысты қылмыстық істі қарау жалғасуда.

Сот отырысы барысында мемлекеттік айыптаушы сотталушы А. Қасеновке қатысты бұлтартпау шарасын «үйқамақтан» «күзетпен ұстауға» ауыстыру туралы өтінішхат білдірді.

Бұл процестік әрекетті қолдануға сотталушының үйқамақ шарттарын өрескел бұзуы негіз болды.

Бұған дейін соттың 2026 жылғы 24 желтоқсандағы қаулысымен А. Қасеновке қатысты «үйқамақ» түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалған.

Осы шарамен қатар орындалуы міндетті бірқатар шектеулер белгіленді, оның ішінде әлеуметтік желілерді, интернетті пайдалануға, кез келген байланыс құралдарын, соның ішінде интернетті, ұялы байланысты және қалалық телефонды пайдалана отырып, келіссөздер жүргізуге және хат алысуға тыйым салынды.

Осы шектеулерді бұзудың кез келген фактісі бұлтартпау шарасын қатаңырақ шараға ауыстыру үшін негіз болып табылады.

Осыған қарамастан, А. Қасенов аталған талаптарды бірнеше рет бұзған.

Атап айтқанда, А. Қасенов 2026 жылғы 2 маусымда «ҚазТАГ» ХАА парақшасында қылмыстық іске қатысты өзінің жеке бейнеүндеуін жариялады.

Сот процесі өтетін күні, яғни 2026 жылғы 15 маусымда ол дәл осы парақшада қылмыстық іс бойынша медиацияға қатысты жаңа жеке бейнеүндеуін тағы да жариялады.

Бұдан бөлек, А. Қасенов басты сот талқылауының 2026 жылғы 11 маусым сағат 10:00-де басталатыны туралы тиісті түрде хабардар етілсе де, сот процесіне келмеді, осылайша ол соттың 2025 жылғы 24 желтоқсандағы қаулысымен белгіленген бірінші шақыру бойынша сотқа келу міндетін бұзды.

Сот үйқамақ шарттарының өрескел бұзылғанымен келісіп, сотталушыға қатысты «күзетпен ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасын қолданды.

Заңдылық пен құқықтық тәртіп қағидаттары құқықтық мемлекеттің мызғымас негізі екенін баса айту қажет. Заң барлығына бірдей, ерекшелік жоқ, және ешкімге сот нұсқауларын елемеуге немесе бұзуға рұқсат берілмейді. Кәсіби мәртебе, қоғамдық жағдай немесе қызмет саласы жауапкершіліктен құтылудың немесе сот төрелігі тарапынан ерекше көзқарас танытудың негізі бола алмайды.

Прокуратура қылмыстық-процестік заңнама нормалары мен сот талаптарын олардың қызмет түрі мен кәсіби мәртебесіне қарамастан, ерекшеліксіз барлық азаматтар орындауға міндетті екенін ескертеді.

Сонымен қатар, процесс кезінде БАҚ пен әлеуметтік желілердегі мұндай жарияланымдар сот шешіміне ықпал ету мақсатында сотқа қысым көрсету әрекеті ретінде бағалануы мүмкін.

Аталған талаптар істің барлық тараптарына, соның ішінде «ҚазТАГ» ХАА бас директоры А. Матаевқа да қатысты.

Соттың сот төрелігін жүзеге асыру жөніндегі қызметіне араласу қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғады.