16 маусымда Қазақстанның басым бөлігінде ауа райы құбылып, бірқатар өңірде найзағай, бұршақ, күшті жел және аптап ыстық күтіледі. "Қазгидромет" синоптиктері ел бойынша дауылды ескерту жариялады, деп хабарлайды Arasha.kz.
Мамандардың болжамынша, Жетісу облысының оңтүстігі, орталығы мен таулы аудандарында өткінші жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Кей жерлерде желдің екпіні 15-20 м/с жетуі мүмкін. Күндіз өңірде 35-36 градусқа дейін қатты ыстық болады. Сондай-ақ облыстың бірқатар аумағында жоғары және төтенше өрт қаупі сақталады.
Батыс Қазақстан облысында түнде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Күндіз жел күшейіп, екпіні 15-20 м/с болады. Өңірдің батысы мен оңтүстік-батысында жоғары, ал қиыр батысында төтенше өрт қаупі сақталады. Орал қаласында да түнде жаңбыр мен найзағай күтіледі.
Маңғыстау облысының кей аудандарында жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Түнде және таңертең облыстың батысында тұман түсуі мүмкін. Ақтауда да тұман болжанып отыр. Өңірдің батысында жоғары өрт қаупі сақталады.
Ұлытау облысында күндіз найзағайлы жаңбыр жауады. Ауа температурасы 35-37 градусқа дейін көтеріліп, қатты ыстық болады. Жезқазғанда күндіз 35 градус аптап күтіледі. Облыстың кей бөлігінде жоғары және төтенше өрт қаупі бар.
Қарағанды облысының солтүстігі, оңтүстігі мен шығысында таңертең және күндіз жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Күндіз 35 градусқа дейін қатты ыстық сақталады. Өңірдің бірқатар ауданында өрт қаупі жоғары болады.
Астанада 16 маусымда күндіз жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, бұршақ түсуі мүмкін. Оңтүстік-батыстан соғатын желдің екпіні 15-18 м/с жетеді.
Атырау облысында түнде жаңбыр мен найзағай болжанып отыр. Күндіз өңірде 35 градус қатты ыстық болады. Облыс бойынша жоғары өрт қаупі сақталады.
Ақтөбе облысының солтүстігі, оңтүстігі мен шығысында күндіз жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, бұршақ түсуі мүмкін. Облыстың оңтүстігінде 35 градусқа дейін қатты ыстық болып, төтенше өрт қаупі сақталады.
Қостанай облысында жаңбыр, найзағай және бұршақ күтіледі. Түнде және таңертең кей аумақтарда тұман түседі. Күндіз жел күшейіп, екпіні 15-20 м/с жетуі ықтимал. Қостанай қаласында да жаңбыр, найзағай және тұман болжанды.
Қызылорда облысында күндіз солтүстік және орталық аудандарда жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Өңірде ауа температурасы 40 градусқа дейін көтеріліп, төтенше өрт қаупі сақталады. Қызылорда қаласында да найзағайлы жаңбыр күтіледі.
Шығыс Қазақстан облысында өткінші жаңбыр, найзағай, бұршақ және дауыл болуы мүмкін. Күндіз желдің екпіні 15-20 м/с жетеді. Облыс бойынша 35 градус қатты ыстық сақталып, кей аумақтарда төтенше өрт қаупі күтіледі.
Абай облысында да жаңбыр, найзағай, бұршақ және дауыл болжанып отыр. Күндіз 35-37 градус қатты ыстық болады. Семей қаласында күндіз жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, жел күшейеді.
Ақмола облысында жаңбыр, найзағай, бұршақ және тұман күтіледі. Күндіз желдің екпіні 15-20 м/с жетуі мүмкін. Көкшетауда таңертең және күндіз жаңбыр жауып, найзағай ойнайды.
Павлодар облысының кей жерлерінде жаңбыр, найзағай, бұршақ және тұман болжанады. Павлодар қаласында күндіз жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, бұршақ түсуі мүмкін.
Жамбыл облысында таулы аудандарда және бірқатар өңірде өткінші жаңбыр мен найзағай күтіледі. Күндіз облыс бойынша 38 градусқа дейін қатты ыстық болады. Таразда да күндіз найзағайлы жаңбыр жаууы ықтимал.
Солтүстік Қазақстан облысында жаңбыр, найзағай, бұршақ және тұман болжанды. Желдің екпіні 15-20 м/с жетуі мүмкін. Петропавлда түнде және күндіз аздап жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, бұршақ түсуі ықтимал.
Алматы облысында күндіз батыс, оңтүстік және таулы аудандарда өткінші жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Желдің екпіні 15-20 м/с болады. Күндіз 35-38 градус қатты ыстық күтіледі. Алматыда ауа температурасы 35 градусқа дейін көтеріліп, жоғары өрт қаупі сақталады. Қонаевта да 35-36 градус аптап болады.
Синоптиктер тұрғындарға ауа райының қолайсыздығына байланысты сақ болуды, найзағай кезінде ашық жерде тұрмауды, қатты жел мен бұршақ кезінде қауіпсіздік шараларын сақтауды ескертеді.