Астана – Қостанай бағытындағы тасжолда болған жол-көлік оқиғасынан айтыскер ақын, мәдениет саласының үздігі Салтанат Өтелбаева мен оның жұбайы Мырзабек Қасымов қаза тапты, деп хабарлайды Arasha.kz.
Қаралы хабарды әріптесі Марғұлан Оспанов мәлімдеді.
Оның айтуынша, ерлі-зайыптылар Астанадан таңғы сағат төрт шамасында жолға шыққан. Олар сол күні мектепті үздік тәмамдап, қызыл аттестат алуы тиіс болған қыздары Алтынайдың салтанатты шарасына асығып бара жатқан.
Марғұлан Оспановтың сөзінше, қайғылы оқиға Атбасар мен Есіл қалаларының арасындағы жолда болған. Қаралы хабарды оған марқұмдардың ұлы Нұрсұлтан жеткізген.
Әріптестері арасында сый-құрметке ие болған Салтанат Өтелбаева мәдениет саласында ұзақ жыл еңбек етіп, көптеген маңызды жобаның жүзеге асуына үлес қосқан. Ол тарих ғылымдарының магистрі атанып, Ыбырай Алтынсарин музейі басшысының орынбасары қызметін атқарған.
Марқұмның әріптестері мен жақындары оны ашық мінезді, мейірімді әрі парасатты жан ретінде еске алып, отбасы мен туған-туыстарына көңіл айтуда.