Министр мінген ұшақ Ресей шекарасы маңында "жоғалып кетті"

17 маусым, 2026 / Arasha.kz
РИА Новости / Сергей Мамонтов

Ұлыбритания қорғаныс министрі Джон Хили мінген Корольдік әуе күштерінің ұшағы Ресей шекарасына жақын маңда GPS сигналынан айырылған. Оқиға министр Эстониядағы британ әскерилерімен кездесуден кейін еліне қайтып бара жатқан кезде болған, деп хабарлайды Arasha.kz.

Британдық БАҚ-тың хабарлауынша, бұл туралы алғаш The Times жазған. Кейін ақпаратты Sky News пен The Guardian да таратты.

Мәліметтерге қарағанда, ұшақ Ресей шекарасына жақын аймақтан өткен сәтте GPS сигналы бұғатталған болуы мүмкін. Кейбір басылымдар мұны Ресей тарапынан жасалған электронды кедергі болуы ықтимал деп жазды. Алайда Мәскеу бұл ақпаратқа қатысты ресми пікір білдірген жоқ.

GPS жүйесі істемей қалғандықтан, экипаж басқа навигациялық құралдарды пайдалануға мәжбүр болған. Дегенмен ұшақтың қауіпсіздігіне тікелей қауіп төнбегені айтылды.

Бортта Джон Хилимен бірге оның кеңесшілері, фотографтар мен журналистер де болған. The Times дерегінше, Dassault Falcon 900LX ұшағының бағыты ашық бақылау сервистерінде көрініп тұрған. Сондықтан әуе кемесі арнайы нысанаға алынды ма, жоқ па – әзірге нақты белгісіз.

Ұлыбритания Қорғаныс министрлігіндегі аты-жөнін атамаған дереккөз бұл жағдайды "Ресей тарапынан жасалған абайсыз араласу" деп бағалаған. Оның сөзінше, британдық әуе күштері мұндай электронды кедергілерге қарсы әрекет етуге дайын.

Бұл оқиға Ресей мен Батыс арасындағы әскери-саяси ахуал ушығып тұрған кезеңде тіркелді. Бұған дейін де Ресей шекарасына жақын аймақтарда GPS сигналын бұғаттау жағдайлары болғаны хабарланған.

Тэгтер:

министр Ұшақ