Мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі Мырзатай Жолдасбеков Астананың алғашқы қалыптасу жылдары туралы естелігімен бөлісті, деп Arasha.kz тілшісі Dalanews.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Ғалымның айтуынша, ол 2000 жылы арнайы шақыртумен Астанаға көшіп келген. Содан бері ширек ғасырға жуық уақыт ішінде елорданың қалай бой көтеріп, үлкен шаһарға айналғанына куә болған.
Мырзатай Жолдасбеков бұл туралы Астана қаласы әкімдігінің “Руханият” коммуналдық мемлекеттік мекемесіне берген сұхбатында айтты. Сұхбат барысында академик елорданың дамуы, сол кездегі жұмыс қарқыны және Нұрсұлтан Назарбаевтың Астанаға қатысты жоспары туралы сөз қозғады.
Оның сөзінше, алғаш келген жылдары қазіргі сол жағалауда көз тартарлық ғимараттар болмаған.
"Жағалауда "Пионер үйі" деген бар, басқа баратын жер жоқ. Сол жылы Президент мемлекет қызметіндегі, елге еңбегі сіңген адамдардың бәрін шақырды. Астананың келешегі туралы әңгіме қозғады. Сол жағалауда түк жоқ, жылан жалағандай еді. Сол жерде тұрып, Нұрекең "анау болады, мынау болады" деп бәрін жырдай қылып айтты. Ішімнен "сөз деген айтыла береді екен ғой, мұның бәрін кім істейді, қашан болады?" деп ойладым. Ал қазір қарасаң, қала өсіп барады", – деді ол.
Мырзатай Жолдасбеков қазіргі Астананың келбетін үлкен еңбектің нәтижесі деп бағалады. Оның айтуынша, елорданың қысқа уақыт ішінде осындай деңгейге жетуі – тарихи оқиға.
"Статистикаға қарасам, Астананың халқы 2 миллионнан асыпты. Бұған дейін тас үй салғанды көрдік, зауыт салғанды көрдік. Бірақ қала салғанды, оның ішінде Астана салғанды көргеніміз жоқ. Бұл ғасырда біз сияқты астана салған мемлекет жоқ. Сол жағалауда қазір күні-түні адам көп. Жастардың жүрген жері – ойын-күлкі, той. Бұл – жақсылықтың белгісі", – деді академик.