Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі медициналық білім беру жүйесін кезең-кезеңімен жаңғыртудың маңызына тоқталды. Президенттің айтуынша, бұл бағыт ұлт саулығын сақтауда және елдің келешегін қамтамасыз етуде ерекше рөл атқарады, деп хабарлайды Arasha.kz.
Тоқаев медициналық жоғары оқу орындарының қызметі жаңа деңгейге көтеріліп келе жатқанын атап өтті. Оның сөзінше, бүгінде салалық университеттер тек білім беретін мекеме ғана емес, ғылым мен озық технологиялардың орталығына айнала бастаған.
"Медициналық білім беру жүйесін дәйекті түрде жаңғыртудың ел болашағы мен ұлт саулығын сақтаудағы стратегиялық мәні зор", – деді Мемлекет басшысы.
Президент медициналық жоғары оқу орындарының заман талабына сай өзгеріп жатқаны қуантады деді.
"Салалық жоғары оқу орындары бұрынғыдай дәстүрлі білім беру мекемесі емес, іргелі ғылым мен жоғары технологиялар орталығы ретінде жаңғыра бастағаны қуантады", – деді ол.
Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру үдерісі жетілдіріліп, клиникалық оқыту тәсілдері кеңейіп жатқанын да айтты. Оның сөзінше, интернатура енді кәсіби даярлықтың толыққанды кезеңіне айналады.
"Білім беру үдерісі жетілдіріліп, клиникалық оқыту тәсілдері кеңеюде. Интернатура кәсіби даярлықтың толық кезеңіне айналады", – деді Президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, интернатураны аяқтаған түлектер базалық білімді меңгерген дәрігер ретінде еңбек жолын бастай алады.
"Енді оны тәмамдаған түлектер базалық білімді меңгерген дәрігер ретінде жұмысқа кіріседі", – деді Тоқаев.
Сондай-ақ Президент еліміздегі жетекші медициналық оқу орындарын одан әрі қолдау қажет екенін атап өтті. Оның пікірінше, бұл оқу орындары жаңа буын мамандарын даярлайтын маңызды орталыққа айналуы тиіс.
"Жаңа буын мамандарын әзірлейтін ұстаханаға айналған еліміздің жетекші медициналық оқу орындарын одан әрі нығайтуға қолдау көрсету маңызды деп санаймын", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.