Жанабыловтардан тәркіленген 8 көлік сатылымға шығарылды

Бүгін, 15:30 / Ахмет Қанатұлы
ашық дереккөзден

Сотталған блогер Ерболат Жанабылов пен оның жұбайы Эльмира Төлегеновадан тәркіленген автокөліктер сатылымға қойылды. Бұл туралы хабарландырулар E-Qazyna мемлекеттік мүлік тізілімі порталында жарияланған, деп хабарлайды Arasha.kz.

Сайтта Hyundai Elantra маркалы сегіз автокөлікті сату туралы ақпарат орналастырылған. Барлық көлік 2025 жылы шығарылған. Сот шешімімен бұл автомобильдер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегеновадан тәркіленген.

Мәліметке сүйенсек, көліктердің барлығы Жанабыловтың сотталған жұбайы Эльмира Төлегеноваға тиесілі «Zhana Business» ЖШС атына тіркелген. Қазіргі уақытта тәркіленген мүлік Астана қаласының мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің балансында тұр.

Порталда көліктердің бастапқы бағасы көрсетілмеген. Алайда әр автокөліктің бағалау құны 8 395 000 теңге деп белгіленген.

Сауда-саттыққа кез келген азамат қатыса алмайды. Өтінімді тек құқық қорғау және арнайы мемлекеттік органдар, сондай-ақ Президенттің, саяси мемлекеттік қызметшілердің және Парламент депутаттарының қызметін қамтамасыз ететін органдар ғана бере алады.

Сонымен бірге мүлік сипаттамасында бұл көліктердің мемлекеттік заңды тұлғаларға олардың балансына беру үшін ұсынылмайтыны жазылған.

Қазіргі уақытта тәркіленген автомобильдер Астана қаласындағы қалалық жүк тасымалымен айналысатын компанияның аумағында сақтаулы тұр.