"Тағы 8-10 жыл керек": Ақаев Қырғыз басшысы Жапаров туралы тосын мәлімдеме жасады

Бүгін, 17:34 / Ахмет Қанатұлы
Arasha.kz коллажы

Қырғызстанның бұрынғы президенттері Асқар Ақаев пен Сооронбай Жээнбеков Шолпан-Ата қаласында өткен Ыстықкөл халықаралық форумына қатысты. Іс-шараға қазіргі мемлекет басшысы Садыр Жапаров және өзге елдерден келген қонақтар да келді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Сахнада сөз сөйлеген Асқар Ақаев жазушы Шыңғыс Айтматовтың бастамасымен 1980-жылдары құрылған бұл форум бейбітшілік пен қауіпсіздік мәселелерін талқылайтын маңызды алаңға айналғанын айтты. Сондай-ақ ол Шығыс елдері мен АҚШ арасындағы шиеленіске алаңдаушылық білдірді.

"Тағы да жауапсыз саяси көшбасшылар ядролық қаруды қолдану мүмкіндігі туралы айтып жүр. Енді оған қуатты жасанды интеллект қосылып, адамзатты қайтадан жойылу қаупінің шегіне әкеліп отыр. Осыған байланысты бұл алаңдаушылық пен форум барысында туындайтын идеяларды біздің президентіміз әлемдегі шиеленісті кезекті рет бәсеңдету үшін БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі мүшелеріне тікелей жеткізе алатыны өте маңызды. Бұған Қырғызстанның сайлануы сияқты тарихи оқиға мүмкіндік беріп отыр", – деді ол.

Экс-президент Садыр Жапаровтың ел үшін күрделі кезеңде президент болып сайланғанын атап өтті. Алайда бүгінгі таңда, Ақаевтың сөзінше, Қырғызстан экономикасы өсім көрсетіп, халықтың тұрмысында да оң өзгерістер байқалып отыр. Ол елде ірі жобалар жүзеге асырылып жатқанын айтып, мұны «қырғыз экономикалық ғажайыбы» деп атады.

"Егер қырғыз халқы қазіргі президент Садыр Жапаровқа "қырғыз экономикалық ғажайыбын" іс жүзінде жүзеге асыру үшін қосымша мандат берсе, бұл әрдайым болғандай халық даналығының көрінісі болар еді", – деді Ақаев.

Бұрынғы мемлекет басшысы мұндай "ғажайыпты" жүзеге асыру үшін кемінде 8-10 жыл қажет екенін айтты.

Еске салайық, Асқар Ақаев – Қырғызстанның тұңғыш президенті. Оның 15 жылдық билігі "Қызғалдақ революциясынан" кейін аяқталып, ол отбасылық-кландық басқару және жемқорлық айыптауларынан кейін елден кеткен еді. 16 жылдық шетелдегі өмірінен соң Ақаев Бішкекке оралып, "Құмтөр" алтын кеніне қатысты іс бойынша тергеумен мәмілеге келді. Кейін қазіргі билік оны толық амнистиялады.

Сооронбай Жээнбеков – Қырғызстанның бесінші президенті. Ол парламент сайлауындағы бұрмалаушылыққа байланысты басталған үшінші қырғыз революциясы кезінде мерзімінен бұрын отставкаға кеткен. Айта кетерлігі, Жээнбеков билікті дәл Садыр Жапаровқа тапсырды. Жапаровты наразылық білдірушілер бірнеше күн бұрын ғана түрмеден босатқан болатын.

Тэгтер:

садыр жапаров Асқар Ақаев