Ақтөбеде автогаз құю бекетінде болған қайғылы оқиғадан кейін станция иесі ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды, деп хабарлайды Arasha.kz.
Бекет аумағында жеңіл көлік өртеніп, салонда отырған әйел адам мен кәмелетке толмаған екі бала қаза тапқан. Аталған дерек бойынша "Жарылыс қаупі бар объектілерде қауіпсіздік қағидаларын бұзу" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталды.
Көліктен бір ғана ер адам аман қалған. Қазір ол ауыр халде ауруханада жатыр. Дәрігерлердің мәліметінше, зардап шегушінің денесінің шамамен 40-45 пайызын күйік шалған.
Қазіргі уақытта полиция жанармай бекетінде нақты не болғанын және көліктің неден тұтанғанын анықтау үшін тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Істің барысы полиция басшылығының ерекше бақылауына алынған.
Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өрт туралы хабарлама 19 маусым күні сағат 22:55-те түскен. Оқиға орнына жедел жеткен өрт сөндірушілер жалынды 8 минут ішінде толық сөндірген.
Құтқарушылар өрттің бекеттің өзге нысандарына таралуына жол бермеді. Алайда өрт ауыздықталғаннан кейін көлік ішінен үш адамның мәйіті табылды.