Ақмола облысында үш автокөліктің қатысуымен болған жол-көлік оқиғасы салдарынан бес адам көз жұмды. Тағы бес адам түрлі дәрежеде жарақат алды, деп хабарлайды Arasha.kz.
21 маусым күні сағат 14:56 шамасында Целиноград ауданындағы Астана – Қорғалжын автожолында, Оразақ пен Өтеміс ауылдарының аралығында жол апаты болды.
Полицияның мәліметінше, жол-көлік оқиғасына Kia, Toyota Fortuner және Toyota Land Cruiser маркалы үш көлік қатысқан.
Соқтығысудан кейін екі Toyota көлігі өртеніп кеткен. Өрт толықтай сағат 15:35-те сөндірілді.
Апат салдарынан бес адам оқиға орнында қаза тауып, тағы бес адам жарақат алды. Зардап шеккендерге медициналық көмек көрсетіліп, ауруханаларға жеткізілді.
Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы мен себептерін анықтау үшін тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.