Мыңдаған науқасқа өмір сыйлаған белгілі кардиолог Сәуле Әбсейітова өмірден өтті

Бүгін, 14:49 / Ахмет Қанатұлы
ашық дереккөзден

Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері, медицина ғылымдарының докторы, профессор, еліміздегі жетекші кардиологтардың бірі Сәуле Райымбекқызы Әбсейітова 72 жасқа қараған шағында өмірден өтті, деп хабарлайды Arasha.kz.

Otyrar.kz мәліметінше, Сәуле Әбсейітова отандық кардиология саласындағы білікті мамандардың бірі болған. Ұзақ жылдық еңбек жолында ол жоғары кәсіби деңгейімен танылып, жүрек-қан тамырлары ауруларының ауыр түріне шалдыққан көптеген науқасқа көмек көрсеткен.

Профессор созылмалы жүрек жеткіліксіздігін, асқынған және емге көнбейтін артериялық гипертонияны емдеумен айналысты. Сондай-ақ диагноз қою қиынға соққан күрделі клиникалық жағдайларда науқастарға кеңес беріп, ем жүргізген. Оның қабылдауына еліміздің әр өңірінен пациенттер келген.

Сәуле Әбсейітованың ең үлкен еңбектерінің бірі – Оңтүстік Қазақстан облысында кардиологиялық қызметтің дамуына қосқан үлесі. Ол Шымкенттегі облыстық кардиология және кардиохирургия стационарының негізін қалаушы әрі жетекшісі болды.

Оның қатысуымен өңірде жедел миокард инфарктісі кезінде коронарлық артерияларға стент қою операциялары енгізілді. Сонымен қатар кардиохирургиялық корпус аяқталып, ашық жүрекке операция жасау қолға алынды.

Бұдан бөлек, Сәуле Әбсейітова жүрек-қан тамырлары ауруларын диагностикалау және емдеу бойынша қазақстандық клиникалық хаттамаларды әзірлеуге қатысқан. Ол Оңтүстік Қазақстан медицина академиясында сабақ беріп, жас мамандарды тәрбиелеуге де үлес қосты.

Әріптестері оны өз ісіне адал, тәжірибелі дәрігер, жас мамандарға жол көрсеткен дана ұстаз ретінде еске алады. Мыңдаған науқас үшін ол өмірге қайта үміт сыйлаған жан болды.

Тэгтер:

кардиолог Сәуле Әбсейітова