Ұлттық құрама бапкерсіз қалды: Талғат Байсуфинов қызметінен кетті

Бүгін, 16:29 / Ахмет Қанатұлы
Қазақстан футбол федерациясының баспасөз қызметі

Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Талғат Байсуфинов қызметінен кетті, деп хабарлайды Arasha.kz.

Қазақстан футбол федерациясы 57 жастағы маманның отставкаға кету туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді. ҚФФ ресми хабарламасында Байсуфиновтың шешіміне құрметпен қарайтынын және оның өтінішін қабылдағанын жеткізді.

Федерация Талғат Байсуфиновтың ұлттық құраманы басқарған кезеңдегі еңбегін жоғары бағалады. ҚФФ мәліметінше, оның жетекшілігімен команда өзіне деген сенімділікті қайта қалыптастырып, ФИФА рейтингіндегі орнын жақсартқан.

Сондай-ақ федерация әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде Қазақстан құрамасының өз алаңында Бельгиямен тең түскенін ерекше атап өтті.

"ҚФФ Талғат Маруаұлына кәсібилігі, ісіне деген адалдығы және Қазақстан ұлттық құрамасының дамуына қосқан елеулі үлесі үшін алғыс білдіреді. Сондай-ақ оған алдағы кәсіби қызметінде сәттілік тілейді", – делінген хабарламада.

Федерация алдағы уақытта бапкерлер штабына қатысты қосымша ақпарат жарияланатынын хабарлады. Сонымен қатар ұлттық құраманың келесі матчтарға дайындығы жоспар бойынша жалғасатыны айтылды.

Айта кетейік, Талғат Байсуфинов Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері қызметіне 2025 жылғы қыркүйекте тағайындалған еді. Ол бұл қызметте Али Алиевті алмастырған болатын.

Тэгтер:

футбол бапкер Талғат Байсуфинов