Қазақстандықтардың қарызы көбейді: әр екінші борышкер табысының жартысынан көбін несиеге жұмсайды

Бүгін, 17:17 / Ахмет Қанатұлы
Pixabay/Andy_Bay

Қазақстандықтардың 70%-тен астамының несиесі немесе қарызы бар. Ал қарыз алушылардың жартысына жуығы ай сайынғы табысының 50%-тен астамын несие төлеуге жұмсайды. Бұл туралы DEMOSCOPE қоғамдық пікірге жедел мониторинг жүргізу бюросының зерттеуінде айтылды, деп хабарлайды Arasha.kz.

Сауалнама 2026 жылғы 10 мамыр мен 23 мамыр аралығында «Қазақстан азаматтарының несиеге кіруі» тақырыбында жүргізілген. Жобаны MediaNet халықаралық журналистика орталығы PAPERLAB зерттеу орталығымен бірлесіп, Конрад Аденауэр атындағы қордың қолдауымен жүзеге асырған.

Зерттеу нәтижесіне сәйкес, сауалнамаға қатысқандардың 72,7%-і несиесі немесе қарызы бар екенін айтқан. Оның ішінде 39,7%-інің бір ғана несиесі болса, 33%-і бірнеше несие төлеп жүргенін көрсеткен. Ал респонденттердің 27%-і несие міндеттемесі жоқ екенін жеткізген.

Ең кең тараған қарыз түрі – тұтыну несиесі. Мұндай несиесі бар азаматтардың үлесі 70,4%-ке жеткен. Сонымен қатар қарыз алушылардың 45,7%-і бөліп төлеу қызметін пайдаланады. 22,1%-і туыстарынан, достарынан немесе ломбардтан қарыз алғанын айтқан. 14,4%-і автокөлік несиесін төлесе, 13%-інің ипотекасы бар.

Demoscope дерегінше, несие қазақстандықтардың ай сайынғы бюджетіне айтарлықтай салмақ түсіріп отыр. Қарыз алушылардың 46,7%-і табысының 50%-тен астамын несие төлеуге жұмсайды. Тағы 24,5%-і табысының 25%-тен 50%-ке дейінгі бөлігін қарыз жабуға бөледі. Ал 20,3%-і табысының төрттен бірінен аз бөлігін несиеге төлейтінін айтқан.

Қазақстандықтардың несие алуына көбіне тұрмыстық қажеттілік себеп болады. Респонденттердің 24,2%-і қажет техника алу үшін несие рәсімдеген. 18,9%-і баспана салу немесе жөндеу үшін қарыз алған. 17,4%-і жалақыға дейін ақша жетпегендіктен несиеге жүгінген.

Бұдан бөлек, азаматтар автокөлік сатып алу, басқа несиені жабу, ем ақысын төлеу, бизнесті дамыту, оқу ақысын төлеу және отбасындағы ірі шараларды өткізу үшін де қарыз алғанын көрсеткен.

Зерттеу авторларының айтуынша, несие жүктемесі жоғары болғанымен, респонденттердің басым бөлігі алдағы қаржылық жағдайына сеніммен қарайды. Сауалнамаға қатысқандардың 39,1%-і алдағы 12 айда қаржылық жағдайының тұрақты боларына толық сенімді екенін айтса, 24,2%-і «сенімді сияқтымын» деп жауап берген. Дегенмен 30%-ке жуық респондент қаржылық болашағына сенімсіз екенін білдірген.

Сауалнамада азаматтардың қаржылық сауатқа қатысты пікірі де сұралған. Респонденттердің 48,3%-і өзінің қаржылық сауатын жақсы немесе өте жақсы деп бағалаған. 36,8%-і қаржылық сауаты орташа деңгейде екенін айтқан. Ал 12,7%-і бұл көрсеткішін төмен бағалаған.

Айта кетейік, 2026 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстанда тұтыну несиесін беру тәртібі қатаңдайды. Банктер қарыз алушының төлем қабілетін бағалау кезінде тек расталған табысы мен қолданыстағы несие міндеттемелерін есепке алады.

Бұл өзгеріске қатысты халықтың пікірі екіге жарылған. Респонденттердің 52,5%-і несие беру тәртібінің қатаңдауын қолдайды. Оның ішінде 31,1%-і толық қолдайтынын айтқан. Ал 37,5%-і бұл өзгеріске қарсы екенін білдірген.

Demoscope зерттеуі несие жүктемесі қазақстандықтар үшін негізгі қаржылық мәселелердің біріне айналғанын көрсетті. Халықтың басым бөлігінде несие немесе қарыз бар, ал көпшілігі оны өтеуге табысының едәуір бөлігін жұмсап отыр. Соған қарамастан, азаматтардың бір бөлігі несие беру талаптарының қатаңдауын қаржылық тұрақтылықты арттырудың бір жолы ретінде қабылдайды.

Сауалнамаға Қазақстанның 17 облысы мен Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан 1100 адам қатысқан. Зерттеу телефон арқылы жүргізілген. Қате мөлшері 3%-тен аспайды.

Тэгтер:

қарыз несие