41 градус аптап, бұршақ пен шаңды дауыл: 23 маусымға арналған ауа райы болжамы

Бүгін, 08:40 / Ахмет Қанатұлы
Rasid Necati Aslim/Anadolu via Getty Images

23 маусымда Қазақстанның бірқатар өңірінде ауа райына байланысты ескерту жарияланды. Кей аймақтарда ауа температурасы 41 градусқа дейін көтерілсе, солтүстік пен орталық өңірлерде найзағай, бұршақ, шаңды дауыл және қатты жел күтіледі, деп хабарлайды Arasha.kz.

Түркістан облысында күндіз 40-41 градусқа дейін қатты ыстық болады. Облыстың кей аумақтарында өткінші жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, дауыл тұруы мүмкін. Түркістан қаласында да күндіз 40 градус аптап ыстық сақталады.

Жамбыл облысында ауа температурасы 38-40 градусқа дейін көтеріледі. Алматы облысы, Жетісу, Павлодар, Абай, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарында да 35 градустан жоғары қатты ыстық күтіледі.

Астанада күндіз шаңды дауыл тұрып, желдің екпіні 15-20 м/с-қа дейін жетуі мүмкін. Елордада ауа температурасы 35-37 градусқа дейін көтеріледі.

Қарағанды, Ұлытау, Қызылорда, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарында жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Кей жерлерде бұршақ түсіп, шаңды дауыл тұрады. Желдің екпіні кей өңірлерде 23-28 м/с-қа дейін күшеюі ықтимал.

Маңғыстау мен Атырау облыстарында да найзағай, шаңды дауыл және қатты жел болжанып отыр. Қызылордада жаңбыр жауып, найзағай ойнап, дауыл тұруы мүмкін.

Алматыда 23 маусымда күндіз 35 градус қатты ыстық болады. Қонаевта ауа температурасы 35-37 градусқа дейін көтеріледі. Талдықорғанда да 35-36 градус ыстық күтіледі.

Синоптиктер бірқатар өңірде жоғары және төтенше өрт қаупі сақталатынын ескертті. Мамандар тұрғындарға ауа райының қолайсыздығы кезінде қауіпсіздік шараларын сақтап, аптап ыстықта далада ұзақ жүрмеуге кеңес береді.

Тэгтер:

ауа райы ауа райы болжамы 23 маусым