Дәстүрлі күйші Әлия Қарамұхан Атырауға барған сапарында мемлекет және қоғам қайраткері Иманғали Тасмағамбетовпен бірге түскен суретін жариялап, әсерлі жазба қалдырды, деп хабарлайды Arasha.kz.
Өнер иесі бұл сапардың өзі үшін ерекше есте қалғанын айтып, Иманғали Тасмағамбетовке ризашылығын білдірді.
Әлия Қарамұхан алғаш рет Хал-Жарық ағамен бірге сапарлас болудың өзі үлкен мәртебе екенін атап өтті. Сондай-ақ осындай жауапты істі сеніп тапсырған ағасына алғыс айтып, бұл сенімге лайық болуды тіледі.
Күйшінің айтуынша, Атырау сапарында Иманғали Тасмағамбетовтің алдында күй орындау бақыты бұйырған. Ал оның ақ батасын алған сәтін өнер иесі өміріндегі ұмытылмас кезеңдердің бірі деп бағалады.
Әлия Қарамұхан сол сәтте "әр күніміз – тарих" деген сөздің мәнін терең сезінгенін жеткізіп, мұндай қуанышты күндердің жалғаса беруін тіледі.