5 жастағы баланы әкесінің бауыры соққыға жыққан

Бүгін, 17:37 / Альфия Адамбек
Фото: freepik.com

Ақмола облысында денесі көгеріп, жарақат алған 5 жастағы баланың оқиғасы бойынша екі бірдей қылмыстық іс тергеліп жатыр, деп хабарлайды Arasha.kz.

Полицияның мәліметінше, 17 маусым күні кешкі уақытта Астрахан ауданындағы далада 2021 жылы туған бала жалғыз жүрген жерінен табылған. Оның денесінде көптеген жарақат пен сырылған іздер анықталған.

Алдын ала мәлімет бойынша, бүлдіршінге дене жарақатын әкесінің туған ағасы салған. Қазіргі таңда күдіктіге қатысты тергеу амалдары жүргізілуде. Сонымен қатар құқық қорғау органдары ата-анасы айтқан жайттарды қоса алғанда, оқиғаның барлық ықтимал нұсқасын тексеріп жатыр.  

Аталған факі бойынша азаптау және кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу міндетін тиісінше орындамау баптары бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Бала қазіргі уақытта медициналық мекемеде ем қабылдап жатыр.  

Әлеуметтік желілерде бұл іске қатысты түрлі ақпарат тараған. Алайда Ақмола облысының полиция департаменті азаматтарды тек ресми ақпарат көздеріне сенуге және расталмаған мәліметтерді таратпауға шақырды.  

Өңірлік бала құқықтары жөніндегі уәкіл Асема Аппаева да жағдайға пікір білдіріп, баланың ауыр азаптаудан кейін ауруханаға түскенін растады. Оның айтуынша, қазір оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу жалғасып жатыр.  

Тэгтер:

бала ақмола Облыс Дала