Әскерде ауыр жарақат алып, екі жылға жуық өмір үшін күрескен Ербаян Мұхтардың қайтыс болуынан кейін тағы бір даулы жағдай туындады. Марқұмның жақындары оның мәйітін өздеріне бермей жатқанын айтып, наразылық білдірді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Туыстарының айтуынша, полиция қызметкерлері Ербаянның денесін арнайы көлікпен мәйітханаға алып кетпек болған. Алайда отбасы бұл шешімге қарсылық танытып, марқұмның мәйітін өздеріне табыстауды талап еткен.
Instagram желісіндегі erbayan2024 парақшасында өткен тікелей эфирде жақындары Ербаянға көрсетілген медициналық көмектің сапасына қатысты ауыр айыптаулар айтты. Олардың сөзінше, ұзақ уақыт төсекке таңылған жігітке тиісті күтім жасалмаған.
“Денесін шірітіп жіберген. Аяғы, мойны, құлағына дейін шіріп кеткен. Иісі мүңкіп тұр”, – деді олар тікелей эфир барысында.
Айта кетейік, Ербаян Мұхтар әскери қызмет кезінде ауыр жарақат алып, содан бері ұзақ уақыт ем қабылдаған болатын. Оның қайтыс болуы қоғамда үлкен резонанс тудырып, әлеуметтік желілерде қызу талқылануда.
Қазіргі уақытта аталған жағдайға қатысты ресми органдар тарапынан түсініктеме берілген жоқ.