Балалы болудан саналы түрде бас тартуға қатысты діни үкім шықты

Бүгін, 10:57 / Альфия Адамбек
Фото: Мүфтият

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) childfree (саналы түрде бала сүюден бас тарту) ұстанымына қатысты пәтуа жариялады, деп хабарлайды Arasha.kz.

Пәтуада Ислам діні отбасы құру мен ұрпақ жалғастыруды адамның табиғи болмысы әрі маңызды құндылықтарының бірі ретінде қарастыратыны айтылған. Сондықтан ешқандай медициналық немесе шариғи себепсіз әдейі бала сүюден түбегейлі бас тарту құпталмайды. 

Сонымен қатар ҚМДБ денсаулыққа байланысты немесе өмірге қауіп төндіретін жағдайларда дәрігерлердің қорытындысына сүйене отырып, жүктілікті уақытша кейінге қалдыруға немесе одан бас тартуға рұқсат етілетінін атап өтті. Алайда мұндай шешім әр жағдайдың ерекшелігіне қарай қабылдануы қажет. 

Сондай-ақ пәтуада баланы дүниеге әкелмеуді өмірлік ұстаным ретінде насихаттау ислам құндылықтарына қайшы келетіні көрсетілген. ҚМДБ мұсылмандарды отбасы институтын нығайтып, ұрпақ тәрбиесіне жауапкершілікпен қарауға шақырды.