Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Брюссельде Жаһандық өзгерістер институтының атқарушы төрағасы Тони Блэрмен кездесті, деп хабарлайды Arasha.kz.
Ақорда мәліметінше, жүздесу барысында Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан ауқымды реформалар мен елді саяси әрі әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан жаңғырту мәселелері талқыланды.
Мемлекет басшысы мемлекеттік институттарды одан әрі нығайту, басқару жүйесінің тиімділігін арттыру және азаматтардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған өзгерістер туралы айтты.
Тони Блэр – Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі. Ол 1997-2007 жылдары британ үкіметін басқарған. Қазір халықаралық деңгейде саяси кеңесші әрі сарапшы ретінде танымал.
Айта кетейік, Блэр 2011-2016 жылдары Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Қазақстан үкіметінің саяси және экономикалық кеңесшісі болған.