"Назарбаевты жақында көрдім": Асқар Ақаев Назарбаевтың қазіргі жағдайын айтты

Бүгін, 13:26 / Ахмет Қанатұлы
kznews.kz коллажы

Қырғызстанның бұрынғы президенті Асқар Ақаев журналист Асхат Ниязовке берген сұхбатында қазіргі өмірі, Мәскеудегі қызметі және Нұрсұлтан Назарбаевпен қарым-қатынасы туралы айтты, деп Arasha.kz тілшісі kznews.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Әңгіме барысында журналист одан қазір қайда тұрып, немен айналысып жүргенін сұрады. Асқар Ақаев бүгінде Мәскеуде тұратынын және Михаил Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде қызмет ететінін жеткізді.

"Қазір Мәскеуде тұрамын. Михаил Васильевич Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде жұмыс істеймін. Математика профессоры болып қызмет атқарамын. Білім беру және ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысамын, аспиранттар мен докторанттарды дайындаймын, ғылыми еңбектер шығарамын", – деді ол.

Сондай-ақ бұрынғы президент Ыстықкөлге соңғы 22 жылда алғаш рет келгенін айтты. Ал Қырғызстанға бұған дейін төрт жыл бұрын барғанын жеткізді. Журналистің елге кіру кезінде қиындық туындамай ма деген сұрағына Ақаев ешқандай мәселе жоқ екенін айтты.

"Иә, ешқандай проблемам жоқ. Қорықпаймын. Ешқандай күзетсіз жүрмін. Мұнда қызыммен келдім", – деді ол.

Сұхбат кезінде Асхат Ниязов Асқар Ақаевтан Нұрсұлтан Назарбаевпен қарым-қатынасы туралы да сұрады. Қырғызстанның бұрынғы басшысы Қазақстанның Тұңғыш Президентіне әлі де құрметпен қарайтынын жеткізді.

"Ең жақсы қарым-қатынастамын. Мен бірге жұмыс істеген адамдардың бәрімен жақсы қатынастамын. Нұрсұлтан Назарбаевқа да 30 жыл бойы үлкен құрметпен қараймын", – деді Ақаев.

Журналист одан Назарбаевтың қазір қайда екенін және соңғы рет қашан көргенін сұрады. Асқар Ақаев бұл тақырыпта көп ашыла сөйлемегенімен, оны жақында көргенін айтты.

"Соңғы рет жақында көрдім. Ол тірі, дені сау. Жағдайы өте жақсы", – деді Асқар Ақаев.

Тэгтер:

Нұрсұлтан Назарбаев Қырғызстан Асқар Ақаев