Таразда қалыңдық ұрлаған үш ер адам сотталды

Бүгін, 18:49 / Альфия Адамбек
Фото: freepik

Ескі дәстүрмен үйленбек болған үш азаматтың жоспары тоймен емес, түрмемен аяқталды, деп хабарлайды Arasha.kz.

Таразда Алматы облысының үш тұрғыны қызды күштеп алып қашып, оны тұрмысқа шығуға мәжбүрлемек болғаны үшін сотталды.

Оқиға өткен жылдың қазан айында болған. Жамбыл облысының 19 жастағы тұрғыны күндіз көшеде келе жатқан кезде үш ер адамның қолына түскен. Тергеу мәліметінше, ұйымдастырушы қызбен бес жылдан астам уақыт жақын қарым-қатынаста болған. Алайда осы уақыт ішінде бойжеткен оған бірнеше рет тұрмысқа шығудан бас тартқан. Соған қарамастан жігіт екі танысын көмекке шақырып, қызды күштеп алып қашу арқылы келісім алмақ болған.

Үш ер адам алдын ала келісіп, қызды некеге тұруға мәжбүрлеу мақсатында ұрлап кеткен. Алайда бойжеткен қашып шығып, полицияға арыз берген.

Сот үкімімен үш айыпталушының әрқайсысы үш жылдан бас бостандығынан айрылды.

Тэгтер:

қылмыс тараз сот түрме